Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейхан - қазақ халқының бренді

16:54, 25 наурыз 2024 342

Алаш қайраткерлерінің толқыны – тұтас бір үлкен буын, жалпы халықтың күткен үміті. Бұл азаматтардың топтасуы, зор қайраткерлік танытуы – уақыт пен тарих тудырған мүмкіндік. Олар бар саналы ғұмырын ұлттың мақсат-мұратына жұмсады, қайраткерлік талантын ұлт мүддесі жолына сарп етті. Өз бақытынан гөрі туған елінің бағын, болашағын ойлаған тұлғалар болды.

Бұл кезеңдегі қайраткерлік елдік, мемлекетшілдік, ұлтшылдық бағыттағы қайраткерлік болып саналды. Алаш қайраткерлерінің саны қандай да бір тізіммен есептелмейді, олар бүкіл қазақ халқын түгел қамтыды, таяқ ұстаған қарапайым қойшысынан билік тізгінін алған саяси жетекшілерге дейін барлығы атсалысты. Бұл бірегей ұлттық идея төңірегінде топтасқан құбылыс еді! Алаш қайраткерлері қандай қызмет атқарғанына, қандай мамандық иесі болғанына қарамастан, ұлт дамуы жолына аяғына дейін тік тұрған саналы азаматтар болды. Ұлтшылдық бағыттағы және демократиялық құндылықтарға негізделген мемлекет құру барысында басын қатерге тігіп, ұлт азаттығын көкседі.

1917 жылғы қауырт та қапылыс шаруалар: партия құру, съездер шақыру және өткізу, ұлттық бағдарлама түзу жұмыстарында олар қазақ халқының мүддесіне ескеріп, автономия алуға ұмтылды. Бұл деген сөз «автономия» сөзімен бүркемеленген таза дербес ел, яғни Республика деген мағына болатын. Осы төңіректегі ойлар мен идеяларға берілген жанкешті тұлғалар тобы Алаш қайраткерлері атанды. Ал билік басына большевиктер партиясы келгенде оларға бітіспес майдан ашып, құлату үшін астыртын жұмыстарға қатысқаны да ұлттық теңдікке деген ұмтылысынан туындаған еді.

Әлихан Бөкейхан ұлт тұлғасы, жетекші ретінде 1905 жылғы Қарқаралы петициясын жариялау кезінде мойын­далды. Бұл кезең қазақ халқының бостандық жолына шырақ алып, жолға шыққан тұсы еді. Дегенмен, Шыңғыс ұрпақтарының билігі әлсіресе де, билік тұтқасынан әлі толық арылмаған олар Әлиханды да хан сияқты қабылдады. Ендігіде «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп серт берген Әлихан Бөкейхан сол сертінде жігітше тұрды.

Бір ғана оқиға: Семейге Әлиханның барған сәті сол кездегі қазақ халқының ұлт тұлғасына деген көзқарасын, ойын білдірсе керек. Алашшыл ақын Сұлтанмахмұттың жазуында бізге жеткен бұл хабарда халық сағынған арысын асыға күтіп, оның сөзін тыңдауға дүйім жұрт болып жиылған екен. Әрбір қазақтың жан-санын, осы топырақта нендей өсімдік өсіп, қай өңірде қандай малды бағуға болатынын, жердің асты мен үстіндегі байлықты бес саусағындай біліп, ғылыми негіздеп берген Әлиханды дәуірдің дара басшысы ретінде көрмеуі мүмкін емес еді.

Шын мәнінде Ә. Бөкейхан – патшалық Ресей мен советтік Ресей тарихында да жарқын із қалдырған бірегей тұлға. Ол алғашында Санкт-Петербург императорлық университетінде оқыды, орыстың аристократтарымен танысып, білісті. Кейін Ресей ғалымдарының экспедицияларына қатысып, қазақ даласын зерттеуге кірісті. Ресейдің жоғары саяси элитасымен жақсы араласты. Князь Шаховский, Скалозуб, Седельников, Потанин, тағы басқалармен дос болды.

Сонымен бірге Әлихан Бөкейхан түркі әлемінің де теңдессіз қайраткері болуға лайық. Қазақ-қырғыз енші алып бөліспей тұрғанда екі халыққа бірдей көсем болған ол татар, башқұрт лидерлерімен жақын танысты, ұлт бостандығы жолында тізе қосып, күресті. Алыстағы Түркия еліне Міржақыптың «Оян, қазағы» арқылы үнін естіртті.

Түркияның тәжірибесін алайық. Тұлғадан – Ататүрік, заттай дүниеден – қызыл ту. Мұқым мемлекеттік идеология осыған жұмыс істеген. Ұстазымыз Ербол Тілешев «Әлихан – қазақ ұлтшылдығының саяси көсемі» деп дұрыс пайымдаған. Ә.Бөкейхан – жан-жақты, сан қырлы, интеллектуал, эрудит, жасампаз тұлға. Оның мол мұрасы қоғамның барлық саласын қамтиды. Әлихан – қазақ халқының бренді. Алаш идеясы өмірде шынайы салтанат құратын болса, ұлтшылдыққа қалай тәрбиелейміз деп бас қатырмаймыз. Себебі, Алаш идеясы – ұлтшылдық идеясы.

Алаштанушы ғалым Заңғар Кәрімхан

"Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұхбатынан

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар