«Әлихан Бөкейханның туған ұрпақтары Қазақстанға бірде-бір рет келмей, орыстанып кетті» деп орынсыз сөгетіндер еліміз өз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдың өзінде Ұлт көсемінің Мәскеудегі ұрпақтары жерлестерінің шақыртуын қабыл алып, Алаш арысының кіндік қаны тамған қасиетті мекені - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына жүректері алып ұшып, ата-бабаларының туған жеріне үлкен сағынышпен арнайы келгенін біле ме екен?! Кейін оларды елге ешкім шақырмаған да, іздемеген де…
«Менің әкем Сергей (Өкітай) сіздерге шынымды айтар болсам, жартылай қазақ, жартылай орыс еді. Бұған ол кінәлі емес. Заман солай, тағдырдың жазуы солай болды. Жан сақтау үшін сырттан пана іздеуге мәжбүр болған. Әкем атам туралы там-тұмдап болса да айтатын. Ал атамның туған жері Қазақстан екенін білсек те дәл осы Ақтоғай екенін, бұл жерде көп ағайын туыс бар екенін тіпті де білген жоқпыз. Арғы аталарымыздың бейітіне барып тағзым етіп қайттық. Қасиетті жердің бір уыс топырағын алдым. Оны бүкіл қазақтың ұлы болған Әлихан атамның көзіндей көріп, тұмардай сақтайтын боламыз», - деп ауыр күрсініп, жан сырын ақтарып еді Әлихан Бөкейханның туған немересі Евгений Өкітайұлы баласы Петрмен бірге осыдан 32 жыл бұрын туған елімен сағына қауышқан сапарында.
1992 жылы еліміз өз тәуелсіздігін кеше ғана алған алмағайып кезеңде Ақтоғай жұртшылығы, ауданның тұңғыш әкімі Сағадат Дүйсебековтің табанды бастамасымен 72 жыл бойы сіресіп қатып қалған сең бұзылып, Республика бойынша тұңғыш рет өткізілген «Алаштың Ақтоғайдан шыққан үш арысы» атты рухани шараға Ұлт көсемінің Мәскеуде тұратын ұрпағы арнайы қатысып, жерлестері ақбоз ат мінгізіп, құрмет көрсетті. Сол кезде Алаш арысының ұрпағы Ақтоғайдағы Талдыбейіт пен Ұлытаудағы Жошы хан мазарына тағзым ету арқылы бүкіл Қазақ даласын аралап көргендей айрықша әсерге бөленіп, жергілікті халықпен қимай қоштасып, Мәскеуге қайтып еді… Туған жердің топырағынан нәр алған олардың бойындағы қандары тулап, рухтары көтеріліп, түп тамырымызды таптық ау деген үміттері оянып, биліктің арнайы шақыртуын аңсап күтті. Алайда Тәуелсіздік алған 33 жылдың ішінде билік өкілдерінен шақырту болмағандықтан олар Қазақстанмен байланысын үзуге мәжбүр болды.
Әлиханды бағалайтын жұрт Әлиханның ұрпақтарынан неге алыстады? Оларды елге керек қылмай, бас тартуымызға, елеп-ескермеуімізге қандай жағдай түрткі болды? Не себеп?! Өкінішке қарай, қазақты өз алдына дербес ел қыламын деп қасық қаны қалғанша ұлт мүддесі жолында күресіп өткен Әлихан Бөкейхан бабамыз халықтың қолдауына ие болып, Алаш мұрасын қайта жаңғыртуда жекелеген азаматтар мен қоғам ұйымдарының және ынталы жастардың тарапынан үлкен талпынысты іс-шаралардың өткізілуіне қарамастан, күні бүгінге дейін билік тарапынан пәрменді деңгейде қажетті қолдау таппай, кешенді іс-шаралар жоспары қабылданбай отырғандығы алаңдатады. Бұл жерде біз білмейтін қандай құпия бар?!
Еліміз өз Тәуелсіздігін алған алғашқы сәттерде Алаш арыстарының атамекенінде өткізілген танымдық конференцияда академик, тарих ғылымының докторы Кеңес Нұрпейісовтің: «Біздер, тарихшылар, шынын айтсақ, Алашорданың алдында күнәлі болдық. Олар Тәуелсіз қазақ мемлекетінің негізін қалады»,- деген әділ тарихи бағасы осыған дейін дәйексіз айтылып келген барлық құйтырқы сұрақтардың жауабын ел тарихында алғаш рет айқындап беріп еді.
Ал Алаштықтардың соңғы тұяғының бірі, жазушы Жайық Бектұровтың сол мерекелік шарада: «Әлихан ұлы Абайдың Күз, Қыс, Жаз, Көктем деген өлеңдерін Еуропаның ұлылары Гете мен Гейнеге теңеп тастаған. Абайдың өмірбаянын алғаш жазып кеткен де Әлихан болатын»,- деген тұжырымы 55 жыл бойына топыраққа көміліп, рухы тапталып келген, «халық жауы» деген жалған жаладан енді ғана аршыла бастаған Алаш арысының алып тұлғасының жаңа қырын ашып берсе, арада қанша жыл өтсе де, осы екі алыптың терең ойын мақұлдаған Алаштанушы ғалым Сұлтан Ыбырайдың Алаш арысына арналған кейінгі бір рухани шарада: «Адам болуды Абайдан, Ел болуды Әлиханнан үйренсек, әлем көшінен қалмаймыз»,- деген ұстанымы қазақ халқын әлем санасатын прогрессивті ұлт қалыптастыруда қалдырған құнды мұраларын жаһандану тенденциясына жұтылып, субмәдениеттің құрбаны болған бүгінгі жас ұрпақ санасына сіңіру қаншалықты қажет екендігін айғақтап тұр.
Тәуелсіз ел тарихында Оңтүстік-Шығыс Азия дағдарысы меңдеген ауыр кезең - 1998 жылы Ақтоғай ауданында сол кездегі аудан әкімі Төлеужан Ахметбековтың болашақты әріден көздеген батыл қадамымен Ақтоғайда дүниеге келген Алаштың үш арысына ел тарихында тұңғыш рет «Тәуелсіздік күрескерлері» деген атпен биіктігі 15 метрлік композициялық ескерткіш орнатылып, алыптар тұлғасы даңқты тұғырына көтеріліп, тарихи әділдік орнағандығы ертеңгі болашаққа мол үміт сыйлап еді. Қарағандылық мүсінші Жаубасар Қалиевтің шеберлігімен Алаш арыстарына арнап қоладан жасалған алып ескерткіштің, аудан орталығындағы Лениннің тұғырынан құлатылған 7 метрлік қола мүсінінің қайыра балқытылған қорытпасынан құйылғандығының өзі коммунистік партияның күні біржола қараң болып, есесіне «Алаш» партиясының жетекшісі, «Әлихан әлемі» дәуірінің басталғандығын жариялап тұрғандай жұртшылық көңіліне сенім ұялатты. Ұлт көсемінің туған жерінде тұғырға көтерілген бұл ескерткіш Алаш арысына болашақта республика аумағында орнатылатын барлық ескерткіштердің қозғаушы күшіне айналуы қажет еді.
Содан бері 25 жыл өтсе де, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның бейнесін танытатындай бір зәулім ескерткіштің Қарағанды қаласындағы есімі берілген ауданда күні бүгінге дейін орнатылмағаны былай тұрсын, көңілге қонбайтын лайықсыз жасалынған эскизінің өзі жұртшылық арасында наразылық туғызып отырғандығы «Алаш мұрасын түгендеуде үлкен іс-шаралар атқарылмай келе жатыр» деген тұжырымның айғағына айналып тұр. Тіршілігінде туған елінен екі жарым кез жердің топырағының бұйыруын армандап, «Қазақтың жері тек Қазақтың ғана меншігі»,- деп әлемге жар салып кеткен Әлихан Бөкейханға Қарағанды өңірінде ескерткіш орнатылатын жерді сәулеттендіруге лайықты алаңды тауып беру жергілікті әкімшілікке сын болатындығы баршамызды алаңдатуда. Ресей ғалымы Виктор Козодойдың: «Әлихан Бөкейхан туған жерінде ескерткіш орнатып, көше, аудан, университетке есімін беруге әбден лайық өте мықты тұлға. Мұндай ірі тұлға кез келген ұлтта кездесе бермейді»,- деген көзқарасы Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханға қатысты Әділетті Қазақстанда тарихи әділдік орын алуы қажеттігін көрсетеді.
1998 жылы Ақтоғай ауданында Алаштың үш бірдей арысына арналып орнатылған зәулім ескерткіштің заңды жалғасы ретінде 2014 жылы аудан әкімі Ниқанбай Омархановтың ақсақалдардың бастамасын қолдауының нәтижесінде аудан орталығында республикадағы тұңғыш «Алаш алаңының» ашылуы «Кешегі Алаш идеясының – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан» болып ақиқатқа айнала бастағандығын көрсетіп тұрғандығын мемлекет және қоғам қайраткері академик, Өмірзақ Озғанбаевтың: «Ұлы Алаш қайраткерлерінің идеясы бүкіл Қазақтың идеясына айналады»,- деген ұстанымы қуаттап тұрғандай. Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменнің: «Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, тұңғыш заманауи Қазақ үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханға Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы Астанада лайықты ескерткіш орнатылуы тарихи әділеттілік пен қоғамдық сана тәуелсіздігін қалыптастыру ісінде маңызды қадам болар еді»,- деген орынды ұсынысы Ақтоғайда бастау алған игілікті бастама бас қаламыз Астанада жалғасын тауып, елордамызда барлық Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым етуге арналған «Алаш алаңы» ашылып, сол жерде Алаш Орда мемлекетінің негізін қалаушы, тұңғыш президенті Әлихан Бөкейханның рухты күрескерлік бейнесін танытатын зәулім ескерткіш орнатылуына қатысты азаматтық қоғамда сұраныс жоғары екенін айқындайды.
XXI-ші ғасырды Алаш рухымен қарсы алған Ақтоғай аудандық мәслихат депутаттары халықтың қолдауының арқасында біртіндеп құлаштарын кеңге сермеп, 2001 жылы Қарағанды қаласының «Октябрь» ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы сол кездегі Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұқаметжанов пен облыстық мәслихат хатшысы Қасембек Медиевке хат жолдаған еді. Алайда бұл ұсыныс қызыл империя жанкүйерлерінің «Қазан» төңкерісінің символын ауыстыруға жол бермеген қарсылығына тап болып, уақытша тоқтап қалған. Бұл келеңсіз әрекет Алаш қайраткерлерінің рухын ұлықтау бағытында халықтың қалаулы ұсыныстар жасауына қарамастан жергілікті биліктен дер уақытында қолдау таппағандығының айғағы.
1937 жылдың қанды қырғынында аяусыз құрбан болған Алаш арыстарының мүрделерінің қайда жерленгендігін білудің өзі арманға айналған арпалысты жылдардың бірінде яғни, 2011 жылы Алаштықтар рухының жоқшысы, жерлесіміз, ғылым докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтың азаматтық табандылығымен тағдырлары тоғысып, бір күнде атылған Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақовтың өртелген мәйітінің күлі көмілген беймәлім орны Мәскеудің Дон қабірстанындағы №1 шұңқырдан табылып,
«Ей, тәкаппар дүние
Маған да бір қарашы!
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы»,- деген дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың бір ауыз өлеңі жазылған қара мрамордан ескерткіш тақта орнатқан көпке үлгі боларлық өнегелі ісі бүгінгі жас ұрпақ санасында сілкініс тудырып, Алаш мұрасын түгендеудегі аса маңызды тарихи әділ шешімге айналды.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, саясаттанушы, ғалым Ерлан Қарин 2011 жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының хатшысы болып тұрған тұста Әлихан Бөкейханның туған жеріне рух іздеп барып, ата-бабасы жерленген «Талдыбейіт» қорымында құран бағыштатып ерекше толқынысты әсермен Астанаға оралып, ұлы тұлғаның есімін ұлықтауды өзіне перзенттік парыз санап, көп ұзамай «Нұр Отан» партиясының пәрменімен «Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның өтуіне мұрындық болып, баба рухын ғаламдық деңгейде көтеріп еді. Халықаралық мәртебеге ие болып, Тәуелсіздік Сарайында 100-ге тарта ғалымның қатысуымен өткен осы игі шарада Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлының алты томдық шығармалар жинағының тұсауы кесіліп, Әлихан баба рухына Құран оқылып, ас берілуі - Тәуелсіз ел тарихында маңызды басымдыққа ие болып, «Нұр Отанды» «Алаш» партиясының мұрагері ретінде танытты. Тарихи шарада Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Уяма Томохиконың: «Әлиханның көзқарасында прогрессивтік және Европашылдық идеялармен қатар қазақты сақтап қалу идеясы болды. Сондай-ақ ол модернизациялық және кәсіби көзқарастарға бай болды. Әлиханды қазақ зиялыларының кемел бейнесі деуге болады»,- деген терең тұжырымы Әлихан бабамыздың «қазаққа қызмет қылмай қоймайтын» кемел тұлғалық болмысын бүгінгі жас ұрпақ одан әрі тани түсіп, Алаш идеясынан нәр алу қажеттігіне ой тастап еді.
Әлихан Бөкейханның «Жіңішке өзені бойындағы «Атақорымның» екі жарым кез жерінен маған да топырақ бұйырса екен» деген арманының орындалмай қалғанын перзенттік парыз санап, туған жері Желтауда әр жылдары Әлиханның орын тағы болған Қара тасқа бұл тас «Хан тағы» болсын деп атау берген Алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Смақова жетекшілік жасаған «Әлихан Бөкейханның ізімен» атты халықаралық экспедиция мүшелері 2015 жылы «Талдыбейіт» қорымынан кие тұтып алған бір уыс топырақты Мәскеудің Дон зиратындағы қасіретті қабірге бауыры Нұрым Бөкейхановтың қолымен салғызған. Төре ұрпақтарының өзегін өртеп келген өкінішіне жұбаныш боларлық жас ғалымдардың қатысуымен өткен бұл талпыныста мол сауаптың жатқаны ақиқат.
2015 жылы халықаралық аса беделді ұйым ЮНЕСКО өзінің 38-сессиясында «Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған шараларды ЮНЕСКО-ның аясында өткізу туралы» және Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханды «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танып, қарар қабылдаған. Бір жыл бұрын жол ашып берген пәрменді құжатты басшылыққа алған әрбір деңгейдегі аймақтар дайындыққа қызу кірісіп кеткен. Ел ауызында аңызға айналып, Семейдің «Қарауылында» өткізілген Абайдың 150 жылдық тойы Ақтоғайдың «Жекежалында» Әлихан даңқымен жалғасатын болды деген болжамдар да жасалған. Алайда Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық датасымен тұспа-тұс келген руханияттық құндылықтар қатарын толықтыратын мемлекеттік деңгейдегі бұл маңызды шара түсініксіз жағдайда туған жері Ақтоғай ауданындағы есімі берілген орта мектептің алдына орнатылған Әлихан бюстісін, туған бауыры Смақан баласы Балабаршынның облыс әкімі Нұрмұхамет Әбдібековпен бірлесіп ашуымен ғана тынған. Жоспарланған қыруар игілікті істердің мерейтойды өткізуге қаржы қаралмаған деген сылтаумен аяқсыз, іске аспай қалғандығы елдігіміздің рухын төмен түсіретін өкінішті оқиғаға айналған болатын. Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ЮНЕСКО-ның шешімі қолдау таппаса да, 2022 жылы Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильмнің Астанада өткен тұсаукесерінде саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың «Ұлт көсемін қазақты халықаралық мемлекет субьектісі ретінде дүниежүзіне танытқан ұлы қайраткер деп айтуымызға толық негіз бар»,- деген ұстанымының өзі, Әлихан Бөкейханның әлем мойындап, бағалаған даңқты қайраткер тұлға екендігін бұрынғыдан бетер биіктете түскендей.
Әлихан есімінің түрлі кедергілерге кезігіп, өз деңгейінде ескерілмеуіне қарамастан, Ұлт көсемінің рухын биікке көтеру тоқтаған жоқ. 2018 жылы республикалық «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған парламенттік фракциясының ұсынысымен Санкт-Петербордағы Әлихан оқыған бұрынғы Императорлық Орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесінің Бас ғимаратында Әлихан Бөкейхан баба құрметіне арнап университет әкімшілігінің қолдауымен ескерткіш тақтаның орнатылуы - қазақты өз алдына азат ел қыламын деп бүкіл саналы өмірін тауқыметті күреспен өткізген Алаш көсемінің есімінің халықаралық дәрежеде лайықты бағаланып, құрмет көрсетілуінің айқын көрінісі.
Әлихан Бөкейхан туған бүгінгі Шабанбай би ауылдық округіндегі Әлімхан Ермеков атындағы орта мектепті осыдан 30 жыл бұрын бітірген түлектер 2020 жылы өздері бастама көтеріп, қаржы жинап елді мекен орталығына Әлихан Бөкейханның бюстісін орнаттырып, патриоттық танытып, ел-жұртты таңқалдырғандығы Ұлт көсемінің рухын ұлықтауда пәрменді қадамдар жасауға батылдары жетпей жүрген ағаларына жол бастап бергендей көзқарас туғызды.
Сол салтанатты іс-шарада Алаштанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың: «Әр ұлттың бүкіл тағдырын ұйытқан тұлғалар болады. Әлихан Бөкейхан сол қазақ ұлтының мың жыл бұрынғы және кейінгі күрес күндеріндегі өткен, кеткен тарихының бәрін талдап, тұжырымдап, біртұтас Алаш идеясына біріктіріп берген тұлға. Әлиханның туған жерінде тұғырға көтерілген ескерткіштің бүкіл қазаққа үлгі болатыны, бұл ескерткішті 1990 жылы мектепті бітірген түлектер өздері ауыл үшін, туған жері үшін деп қаражат жинап, біріктіріп, идея қосып, орнатқандығында. Әр ұрпақ өзінің Әлиханға, сол арқылы Алаштың біртұтас идеясына деген өзінің рухын түлететін болса, Қазақ мемлекеті мәңгілік мемлекеттің қатарында болады»,- деген ойы Әлихан бабамызды бүкіл Қазақ елі қолдап тұрғандығын тағы бір айқындап, Алаш идеясы ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын жастардың болашағына жол ашып тұрғандай.
2001 жылдан бері көтеріліп келе жатқан халықтың қуатты үні билік тарапынан қолдау тауып, 2021 жылы Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімінің берілуі - тек Қарағанды үшін ғана емес күллі Қазақ елі үшін қуанышты жаңалыққа айналып, жаратылыс жаңғырығындай толқын тудырды. Қаншама уақыт бойы тұмшаланып келген Әлихан Бөкейхан есімімен республика бойынша алғаш рет өзінің туған жеріндегі ауданның аталуы - ұрпақ мойындауын күткен баба рухына зор құрмет болса керек. Алаш көсемінің есімінің Октябрь ауданына берілгені Алаш рухын іздеуші жастардың арасында үлкен серпіліс туғызғаны соншалықты Арқа еліне республиканың түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам жас журналистердің бәрі Әлихан бабамыздың туған жеріне ат басын бұрып, баба рухына құран бағыштап, тағзым етіп: «Ұлттық санамыз дүр сілкінді, тегіміз тебіренді. Әлихан бабамыздың туған жеріне келгенде, Ұлт көсемі отырған Хан тағына шыққан кезде өзіңді тура осы кең байтақ жердің иесі екеніңді сезінесің. Бұл сезімді әр қазақтың баласы сезініп өтуі керек. Әр қазақтың баласы осы жерді көруі керек. Алаштықтар туралы есту аз, оларды тану керек»,- деп Әлихан бабамыздың туған жерінен нәр алып, үлкен толғаныспен қайтты. Одан әрі қарай Қарағанды жастарының табанды ұсынысымен Әлихан бабамыздың есімі берілген ауданда Ұлт көсеміне арнап мурал салынып, билбордтар орнатылды. Ғасыр адамы атанған әйгілі профессор Темірғали Көкетаевтың: «Қарағандылықтар үшін, Қазақ халқы үшін өте қуанышты күн болып тұр. Біз Әлихан Бөкейхан ауданында тұрамыз, балаларымыз бен немерелеріміз Әлихан Бөкейхан ауданында туғанбыз деп мақтанатын болады. Әлиханның аты өмірлік қалады»,- деген тебіренісі, халқымыз зарыға күткен көңіл қуанышына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 5 қазанында Қарағанды облысының жұртшылығымен кездесуінде: «Қарағанды табиғи байлығымен қазыналы деп аталмағаны анық. Талай тарихи оқиғаның куәсі болған шежірелі аймақтан қазақтың көптеген біртуар тұлғалары шыққан. Қарағанды – Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сияқты Алаш арыстары дүниеге келген қасиетті жер»,- деген сөзі Алаш қайраткерлерінің есімін қайта жаңғыртуда еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан бергі 31 жылда алғаш рет берілген әділ баға ретінде жұртшылық көңіліне үміт ұялатты.
2022 жылдың 9 желтоқсанында Октябрь ауданына Ұлт көсемі есімінің берілгеніне бір жыл толуына орай Әлихан Бөкейханның туған жерінен бастап Мәскеуге дейінгі аралықта 1992-2022 жылдары өткізілген рухани-танымдық шараларды кейінгі ұрпаққа таныстырып, тағылымды өнегеге айналдыру мақсатында Әлиханның шырақшысы атанған Тұңғышбай Мұқан мен немересі Медеу Әбеузардың бастамасымен қоғамдық негізде өз күштерімен «Әлихан Бөкейхан - ұлт азаттық күрескері» атты танымдық-деректі фильм тарту етіліп, кинотуындының тұсаукесері еліміздің бірқатар өңірінде өтіп, Әлихан баба рухын іздеген көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Алайда күні бүгінге дейін неге Әлихан Бөкейханға арнап көркем фильм түсірілмей келе жатыр… Мұның сыры неде?!
Белгілі Әлихантанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы: «Әлиханның адал үзеңгілестері, шәкірттері болған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын кең ауқымда тойладық. Ахмет Байтұрсынұлы туралы керемет сериал түсірдік. Міржақып Дулатұлы туралы деректі фильм түсірдік. Ал неге осы күнге дейін Әлихан Бөкейхан туралы көркем фильм түсірген жоқпыз?! Ең қызығы, осы биыл ғана бюджетті бекітетін Үкімет жанындағы мекемеаралық комиссия «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясы тарапынан ұсынылған Әлихан Бөкейхан туралы көркем фильм түсіруге қаржы жоқ деп, қаржы бөлген жоқ. Бүгінгі қазақ мемлекетінің іргетасын көтеріп, тұңғыш басшы болған тарихи тұлға туралы тіпті көркем фильм түсіруге қаржы табамай қалады»,- деген ойы барша Қазақ елін мазалайтын көкейтесті сұрақтың жауабына іздеу салғандай…
Ұлт азаттығы жолында аянбай күресіп, Ұлт көсемі атанған, «Бүкіләлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп танылған Әлихан Бөкейхан туралы көркем фильм шығаруға не кедергі келтіріп тұр? Өкінішке қарай, осындайда белгілі Алаштанушы ғалым, заң ғылымдарының докторы Қабылсаят Әбішевтің: «Қазақ халқында азаматтың басын біріктіріп, көш бастап шыққан Әлихан Бөкейханға Ахмет Байтұрсынұлы «Көсемдердің көсемі»-деп баға берген. Алайда, Үкімет тарапынан да, ғылым тарапынан да, зиялы қауым тарапынан да Әлиханға тиісті баға берілмей жүр. Біреулер Ахметтен, Міржақыптан, тіпті Тұрар Рысқұловтан төмен көрсетеді, Әлихан әлі күнге өзінің тарихи бағасын ала-алмай келеді»,- деген қынжылысы қоғамда кезіккен бүгінгі беймәлім әрекеттердің салдарынан Әлихан әлемінің тұйыққа тіреліп тұрғандығын айқын аңғартқандай…
Қалай десек те осыдан 107 жыл бұрын Алаш Орда мемлекетінің негізін қалаған Алаш қайраткерлерінің жетекшісі Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухын көтеру бағытында тәуелсіз ел тарихында атқарылған игілікті жұмыстар алдымызда келе жатқан Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына орай арнайы іске асатын кешенді іс-шаралардың деңгейінде жалғасын тауып, халық күткен оң нәтижеге жетсе, Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханға саяси тұрғыда баға берілсе - Әділетті Қазақстанды орнату бағытындағы жасалған үлкен қадам болар еді.
Зарина ӘШІРБЕК,
Alash.kz ұлттық порталы