Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алтынбектің қазасы қайта тергеле ме?

07:58, 12 ақпан 2024 307
2006 жылдың 11 ақпанында белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісімен бірге оққа ұшты.

Осыған орай, "Азаттық радиосы" "Алтынбекті кім атты?" деп аталатын арнайы материал әзірлеген. Онда күштік құрылым өкілдерімен сұхбат құрып, саясаткердің өліміне қатысты ресми орындарға сауалдар жолданған.

Сонымен қатар, аталған материалда Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты америкалық ФБР тергеуінің қорытындысы бары айтылған. Алайда,  Қазақстан тарабы оны АҚШ үкіметінің меншігі десе, елдегі АҚШ елшілігі тексеру нәтижесі Қазақстанның тергеу органдарына берілгенін, оған араласу құқы жоғын айтқан.

Ал, саясаткер Ғалымжан Жақиянов бұл мәселеде, америкалықтардың жауабына сену керегін айтады.
– Тапсырыс беріп отырған – Қазақстан үкіметі. Ақпаратты үшінші тарапқа бермеу туралы келісімге қол қойған шығар. Менің ойымша, ФБР тапқан материалдар Қазақстан тергеу орындарының меншігінде бар. Олар мұны толық пайдалана алады. Мұны пайдаланбай, керісінше, жауып отыр, – дейді Ғалымжан Жақиянов Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол Алтынбек Сәрсенбайұлы қаза болардан бірер күн бұрын жеке кездесіп, ұзақ сұхбат құрғанын да жеткізген. Соңғы кездесулердің бірінде болған оқиғаны 2013 жылы АҚШ Федералды тергеу бюросының (ФБР) офицерлері еске түсірген көрінеді.
– Алтынбектің ұйғарымымен кездесіп, сыртта біраз жаяу жүрдік. Күн суық, тоңған соң "Рамстордың" (Тимирязев пен Манас көшелерінің қиылысындағы сауда орталығының бұрынғы атауы – ред.) ішіне кіріп, шай ішпек болдық. Кафеге кірсек, 1-2 адам отыр екен. Олармен бетпе-бет кездесіп қалдық. Біреуін таныдым. Ол бұрын менімен Құсмұрын колониясында бірге отырған, сотталған адам болатын. Ал екіншісін танымадым. Оны Алтынбек танығандай болды. Сосын Алтекең "жүр кетейік, мына жер қауіпті екен" дегендей қылды да, шайымызды ішпей тұрып кеттік.

Бұл кісі сізбен кафеде кездесті ғой дейді, (ФБР өкілдері ред.) Таңғалдым. Өйткені бұрын Ибрагимовті көрген адам емеспін. Оның сол екенін, артымыздан аңдып жүргенін артынан, осы кезде – 2013 жылы ғана ұқтым, дейді саясаткер. 

Cондай-ақ, ол Азаттыққа сұхбатында, бұл оқиға қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікте отырған, тіпті кеткеннен кейін тарихтағы орнын анықтайтын фактордың бірі деп қарастыратынын айтқан.

Фото: malim.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар