Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлы Даланың мыңжылдық тарихы»: Олжас Бектенов Ресейде Алтын Орданың тарихи рөлі туралы мәлімдеме жасады

12:33, 19 маусым 2026

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған мәдени байланыстарды бекемдеу және креативті индустрияны өркендету мәселелеріне арналған халықаралық жиынның пленарлық отырысына қатысып, маңызды баяндама жасады, деп хабарлайды Alash.kz.

Ресми басқосуға Ресейдің Үкімет Төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғызстанның Министрлер Кабинетінің Төрағасы Адылбек Қасымәлиев, Тәжікстан Премьер-министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов және Түрікменстанның Білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев секілді жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Жиында Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстар ТМД елдерінің басшыларының, соның ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің қолдауымен Достастық күн тәртібіндегі ең мазмұнды бағыттардың бірі екенін алға тартты.

Қазіргі уақытта елімізде креативті сектор экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналып, қызметтің 40-тан астам түрін қамтып отыр. Онда 150 мыңнан астам адам жұмыс істейді және соңғы жылда оның жалпы қосылған құны ширек пайызға артып, 3 миллиард долларға жетті. Еліміз кино, музыка, дизайн мен цифрлық өнімдерді шетел нарығына шығару арқылы экспорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Жаһандық инновациялық индексінде де көрсеткіштерін жақсартты, соның ішінде «Креативті нәтижелер» бағыты бойынша 2025 жылы бірден 32 сатыға жоғарылады.

Сондай-ақ Үкімет басшысы елімізде креативті сектордың заңнамалық негізі қалыптасып, өткен жылы арнайы даму қоры мен өңірлерде креативті хабтар ашылғанын тілге тиек етті.

Оның үстіне, Мемлекет басшысының жарлығымен 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғандықтан, ЖИ технологиялары мәдени өнімдерді ілгерілетуде үлкен рөл атқаруда. Бұған AI көмегімен видео әзірлеуден әлемдік көшбасшылардың біріне айналған отандық «цифрлық тұлпар» (unicorn) Higgsfield компаниясының жетістігі дәлел.

Сонымен қатар, елімізде тарихи мұраларды сақтау мақсатында жоғары дәлдіктегі LiDAR-сканерлеу және 3D-архивтеу негізінде «Цифрлық көшірмелер банкі» іске қосылып, оған ЮНЕСКО тізіміндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы шатқалының петроглифтері, Маңғыстаудың жерасты мешіттері енгізілді, ал «E-Museum» платформасына 300 музей қосылып, ондаған мың экспонат хатталды, оған қоса «Қазақ киносының алтын қорынан» өткен ғасырдың 43 картинасы цифрлық форматқа көшірілді. Осы орайда дәстүрлі көрмелер, фестивальдер мен гастрольдік алмасулар да өз маңызын жоғалтқан жоқ.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі Конституциялық реформалар мен ұлттық мәдениеттің даму бағыттарын баяндай келе былай деп атап өтті:

«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.

Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.

Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде».

Премьер-министр Достастық көлеміндегі жаңа интеграциялық бастаманың маңыздылығына тоқталып, өз сөзін келесідей нақтылады:

«Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің креативті индустриялар қауымдастығын құру жөніндегі бастамасы ерекше маңызға ие. Бұл формат бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және креативті өнімдерді ілгерілету үшін жағдай жасауға бағытталған».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар