Желіде қолында сәбиі бар курьер әйелдің суреті тарап, қызу талқыға түскен болатын. Еңбек министрі Асқарбек Ертаев әйел туралы пікір білдірді, деп жазады Alash.KZ
Министрдің айтуынша, курьер келіншек жалғызбасты ана емес. Оның жолдасы бар. Екеуі Шымкенттен Алматыға көшіп барған.
«Біз ол отбасыны зерттеп шықтық. Баланың әкесінде IT мамандығы бойынша жоғары білім бар. Ал келіншегі техникалық мамандық бойынша оқыған. 19 мамырда олар Алматыға келген, сол жерде өз бетінше ақша табуға тырысқан. Бірақ біз осылай көшіп баратын жастарға алдымен мансап орталықтарына баруға кеңес береміз. Сол жерде жұмыс ұсынады», - деді Ертаев.
Министрлік келіншекті жұмысқа алған курьерлік қызметке де хабарласқан.
«Оны баламен бірге жұмысқа қалай шығарған? Бізді осы мәселе мазалайды. Олар уақыт сұрады, келесі аптада тағы сөйлесеміз. Негізі нақты тәртіп болуы керек», - деді министр.