Мәдени кеңістіктің айрықша көрінісі қала күнін айшықтаған KitapFest-2025 фестивалі. Арбат алаңы бірер күнге әдебиеттің үлкен сахнасына айналып, фестивальге 50 мыңнан астам адам келді. Мұнда 60 баспадан 10 мыңнан астам кітап, оның ішінде 2 мың жаңа шығарма оқырман назарына ұсынылды. Оқырмандар Сәуле Досжан, Ақберен Елгезек, Бигелді Ғабдуллин, Жәди Шәкенұлы, Бақыт Беделхан сияқты қаламгерлермен жүздесіп, жаңа бағыттар мен шығармашылық үдерістер туралы пікір алмасты. «Жанды кітапхана» жобасы арқылы Абай мен Шекспир сынды классиктердің бейнесін актерлер сомдап, әдебиетті көркем сахналық форматта ұсынды. Балалар үшін Estelik Zone, буккроссинг орындары мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, Арбаттағы әдеби орта барша буынды қамтыған кең мәдени алаңға айналды.
Әдеби өмірдің тағы бір маңызды бөлігі жаңа кітаптардың жарық көруі. Ұлттық кітапханада Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері, академик Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты эсселер жинағының тұсаукесері өтті. Кітапта ел тарихында ерекше орын алатын 15 тұлғаның өмірі мен еңбегі жан-жақты баяндалады. Манаш Қозыбаев, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Өмірбек Жолдасбеков, Зейнолла Қабдолов сияқты қайраткерлер туралы тың деректер мен автордың жеке естеліктері оқырманды терең ойға жетелейді. Салтанатты шараға жазушылар, ғалымдар мен оқырмандар қатысып, кітапты ұлттық руханиятты байытатын маңызды еңбек деп бағалады.
Қаладағы әдеби белсенділіктің жарқын көріністерінің бірі — жас қаламгерлерге арналған жобалар. Ұлттық кітап күні аясында өткен «Алматының жас жазушысы– 2025» байқауына 173 оқушы қатысты. Шығармалар Сапарғали Бегалиннің туындылары негізінде фэнтези жанрында жазылды. Қазақ тіліндегі үздік шығарма авторы Абай атындағы мектеп-интернат оқушысы Шырайлым Айбекқызы, ал орыс тіліндегі жеңімпаз №52 мектептен Ренат Беккулов анықталды. Бұл байқау Алматыда жаңа буын авторлары қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Әдеби орта тек шығармашылық іс-шаралармен ғана емес, ғылыми ой-пікір алаңдарымен де толықтырылып отыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында өткен жасанды интеллект және әдебиет тақырыбындағы конференция жаңа технологиялар мен әдеби шығармашылықтың өзара ықпалын талдауға арналды. Әдебиеттанушылар, жазушылар, зерттеушілер мен жоғары оқу орындарының ғалымдары шығармашылық еркіндік, этикалық нормалар, жасанды интеллекттің әдебиетке әсері жөнінде пікір алмасты. Бұл жиын әдебиеттің заманауи үдерістермен байланысын күшейтіп, Алматыны ғылыми-әдеби пікірталастардың маңызды орталығына айналдырды.
Алматының әдеби кеңістігі түрлі бағыттағы мәдени жобалармен толығып, рухани өмірдің қарқынын арттыруда. Арбаттағы фестивальдер, Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесерлер, жас қаламгерлерді қолдау бастамалары және әдебиет пен технологияның тоғысын талқылайтын ғылыми жиындар қаланың әдеби келбетін айқындайтын маңызды бастамалар. Алматы руханияттың, шығармашылықтың және әдеби жаңашылдықтың тоғысқан мекені.