Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Байменов: Түркі жұртына ортақ ұлттық ойындарымызды әлемге таныту - өзімізді мойындату

20:09, 11 қыркүйек 2024 1823

8-13 қыркүйек аралығында ел тарихында тұңғыш рет V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Осыған орай ALASH.KZ ұлттық порталына Дүниежүзілік және республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының президенті, белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Байменов арнайы сұхбат берді. 

ДҮБІРЛІ ДОДА ӘЛЕМДЕ БЕЙБІТШІЛІКТІ НЫҒАЙТУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

- Әлихан Мұхамедияұлы, сіз үшін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елімізге тигізер пайдасы қандай?

- Көшпенділер мәдениеті - адамзаттың даму тарихында ерекше орын алатын феномен. Дүбірлі додаға қатысып жатқан халықтардың көпшілігі кезінде көшпелі болған. Қазір бұл халықтар отырықшы өмір салтына бейімделгенімен, олардың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мінез-құлқына дейін сол көшпелі кезеңнің көрінісі сақталған. Мысалы, біздің қазақтың ұлттық мәдени ерекшелігіне назар аударсақ, біздің ашықтығымыз, төзімділігіміз, жаңалыққа құмарлығымыз және бейімделгіштігіміз сол көшпелі кезеңде қалыптасқан құндылықтарымыздың көрінісі. Екінші жағынан, адамзат баласына бір-бірін біріктіретін ортақ белгілерді тауып, қауымдасу тән. Кезінде ата-бабалары көшпенді болған, сол дәуірден сақталған ұлттық ойындарды бүгінгі күні дамытып жүрген елдер бір-бірін осындай ұқсас ойындар арқылы тереңірек тануға ұмтылатыны - табиғи дүние. Мәселен, біздің Ұлы даламыздан өткен жолаушы немесе келген қонақ болсын, олар бізді сипаттағанда: «Қазақтар зияткерлік ойындарға мән береді екен. Тоғызқұмалақ деген керемет ойыны бар екен», - деп айтқаны сөзсіз. Үшіншіден, осындай ауқымды жарыстар әлемде бейбітшілікті нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі заманғы олимпиадалық қозғалыстың негізін қалаушы Пьер де Кубертен: «О, спорт! Сен - бейбітшіліксің. Сен халықтар арасында жақсы, ізгі, достық қатынастарды орнатасың. Сен – келісімсің. Сен бірлікке ынтыққан адамдарды жақындатасың», - деп айтуы да бекер емес. 

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫМЫЗ АРҚЫЛЫ БІЗ ӘЛЕМГЕ ӨЗІМІЗДІҢ ТЕРЕҢ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАНЫТАМЫЗ

- Бұл тарихи іс-шара Ұлттық спорттың өркендеуіне қандай жаңа серпін береді деп ойлайсыз?

- Кез келген адам, оның ішінде ұлттық спорт түрлерімен айналысатын спортшыларымыз өздерінің көкжиегі кеңейіп, ой-өрісі ұлғайып, өзі араласатын ортасы толыққан сайын бойында жаңа сенім пайда болып, оны алға жетелейді. Осылайша, олар өздерінің әуестеніп жүрген ұлттық спорттың ұқсас түрлерімен айналысатын әлемнің түкпір-түкпіріндегі азаматтармен танысады. Ұлттық спорт - біздің тарихы терең мәдениетіміздің бір көрінісі. Мәселен, тоғызқұмалақты алсақ, біз қашан да кеудемізді керіп, «мыңдаған жылдар бойы біздің бабаларымыз осы ойынды ойнаған» деп мақтанышпен ауыз толтырып айта аламыз. Ұлттық ойындарымыз арқылы біз әлемге өзіміздің терең тарихымызды танытамыз. Шынын айту керек, кеңес үкіметі, оған дейінгі патша билігі тұсында біз төл тарихымызды әлемге таныта алмадық. Тіпті өзіміз де тарихымызға үңіле алмай қалдық. Себебі, идеологиялық қысым болды. Неліктен кезінде ұлттық ойындарымыз азайып, тоғызқұмалақты жоғалтып ала жаздадық? Себебі, қазақты ұлттық танымы мен тарихи жадынан, өзіндік болмысынан айыру үшін ұлтымыздың, мәдениетіміздің тірегі болған ұлттық ойындарымызды жою керек болды. Осы кезекте бүгінде елімізге тұңғыш рет өткізіліп жатқан бұл дүбірлі дода ұлттық спортқа деген жаңа көзқарасты қалыптастыруға және оның біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі екенін тереңірек түсінуге жол ашады. Әрине, бұл спортшыларымыздың өздеріне де рух береді. Мемлекет басшысынан бастап ұлттық спортқа қолдау көрсетіліп, көшпенділер ойындарына деген халықтың ыстық ықыласы мен әлем елдерінің ерекше назар аударуы - спортшыларымызды одан әрі жігерлендіре түседі. Бұл сөзсіз ұлттық спорттың дамуына жаңа серпін береді.

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ЖАҢА РЕКОРД: ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ЖАРЫСЫНА ӘЛЕМНІҢ 41 ЕЛІНЕН 114 ОЙЫНШЫ ҚАТЫСТЫ 

- Бұл додалы жарыс тек бір реттік науқан ретінде емес елімізде дәстүрлі түрде жалғасын табу үшін қандай маңызды қадамдар жасауымыз қажет деп санайсыз?

- Қазір ұлттық спорт түрлері бойынша арнайы федерациялар құрылып, оларға жүйелі түрде қолдау көрсету қолға алына бастады. Бүгінде Парламент қабырғасында спорт туралы заң жобасы қаралуда. Сол заңда ұлттық спорт түрлері де арнайы бөлім ретінде енгізіліп, мемлекеттің қолдауына ие болатын спорт түрлерінің қатарына кірмек. Бір реттік іс-шара болып көрінетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бас қаламыз – Астанада өткізіліп, ұлттық ойындарымыздың кеңінен насихатталуы ұлттық спортқа жанашыр отандық кәсіпкерлер мен іскер азаматтардың назарын аударып, сол арқылы ұлттық спорт федерацияларымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мысалы, тоғызқұмалақ ойынын алып қарасақ, егер бұған дейін әлем чемпионаттарына 30-дан астам мемлекет қатысып келсе, біздің елімізде өткізіліп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қолдау көрсетіліп, ұлттық спортқа деген қамқорлықтың нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпірінен 41-ден астам мемлекет Тоғызқұмалақ ойындарына қатысуға ниет білдіріп, 114 ойыншы тіркеліп, қатысты. Сәйкесінше, мұндай маңызды іс-шаралар ұлттық ойындарымыздың әлемге кеңінен танылуына жол ашатыны анық. 

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ҰЛТТЫҚ СПОРТЫМЫЗ ДАМЫСЫН ДЕСЕК, БЮДЖЕТТІ ЖОСПАРЛАҒАНДА ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС

- Ұлттық спортымыз дамысын десек, спортты қаржыландырудың жер-жердегі тетіктері ұлттық ерекшеліктерімізді ескере отырып, құрылуы қажет. Кезінде «Арт спорт» бағдарламасында тоғызқұмалақ тізімге енбей қалды. Олар тізімді көрші елдердің тәжірибесіне сүйеніп жасаған болса керек. Мәселен, «Пауэрлифтинг» секілді спорт түрі барлық балаға бірдей арналған спорт түрі емес қой. Ол мемлекеттен тыс арнайы жеке адамдар әуестеніп, айналысатын спорт түріне жатады. Сондықтан әрбір аудан, қала, облыстарда спортты қаржыландырудың бюджетін жоспарлаған кезде ең әуелі өзіміздің ұлттық құндылығымыз ескерілуі қажет. Тоғызқұмалақ тек спорттық жарыс емес, сондай-ақ жас ұрпаққа арналған ұлттық тәрбие құралы. Екіншіден, мыңжылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны арқылы біз тамырымыздың тереңде жатқанын әлемге паш етіп, көрсетеміз. Сол себепті, бұл дүбірлі дода тек бір реттік іс-шара болып шектелмей, ары қарай да жүйелі түрде дамиды деп сенемін. Қазіргі уақытта федерациялар спорт министрлігімен тығыс байланыс орнатқан. Осындай ауқымды іс-шараларды ары қарай да өткізіп, жаңа деңгейге шығаруымыз керек. Жаңадан тағайындалған ҚР Туризм және спорт министрі өзі де кезінде қазақ күресі федерациясын басқарған. Яғни ол федерациялардың жұмысын жақсы білетіндіктен, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынына сенім бар.

Фото: Ертай Тілеухабыл 

9 ҚЫРКҮЙЕКТІ «ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КҮНІ» ДЕП АТАУ КЕРЕК

- Сонымен бірге, федерациялар не болмаса ұлттық ойын жанашырлары қандай да бір бастама көтергенде, оларға дер кезінде қолдау көрсету өте маңызды. Мысалы, біз өткен жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы тоғызыншы айдың тоғызыншы күнін «Тоғызқұмалақ күні» деп атауды ұсындық. Бұл ұсыныспен Үкіметке де жүгіндік. Бірақ, әлі тиісті шешім қабылданған жоқ. Дегенмен, қараңызшы. Алланың өзі сәтін салып, Тоғызқұмалақ ойынының алғашқы жарысы «Думан» қонақүйінде дәл 9 қыркүйек күні, таңертен сағат 9-дан 9 минут кеткенде басталды. Міне, осындай бастамалардың ұлттық спорттың дамуына, жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеруде, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіріп, қарым-қабілеттерін шыңдаудағы маңызын ескере отырып, ішкі саясат пен идеологияға жауапты лауазымды тұлғалардың осындай игі бастамаларға дер кезінде қолдау көрсеткені абзал.

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН 10 ДҮРКІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ ӘСЕЛ ДАЛИЕВА - БІЗДІҢ ЖАРЫҚ ЖҰЛДЫЗЫМЫЗ

- Ұлттық құрама сапындағы спортшыларымыздың есімдері әлі де халық арасында кеңінен танылмаған. Олардың беделін арттырып, халыққа таныту үшін қандай шараларды қолға алған жөн?

- Әр спорт түрінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, аламан бәйгенің көрермендері бір бөлек болса, күрес сайысын тамашалайтындар мүлде бөлек. Бұл ұлттық спорт түрлерінің теледидар арқылы көрсетілуі де өзіндік тартымдылыққа ие. Иә, тоғызқұмалақ ойыны көпке дейін тек мамандар мен әуесқойлар арасында танымал болып келді. Алайда, уақыт өте келе, Тоғызқұмалақ дүниежүзілік федерациясының қолдауымен әлем, Азия және Еуропа чемпионаттары ұйымдастырылып, алғашқы еңбек сіңірген спорт шеберлері шыға бастады. Бұл ойыншылардың танымалдығын арттыра түсті. Соның нәтижесінде біздің жарық жұлдызымыз, тоғызқұмалақ әлемінің шамшырағы, 10 дүркін әлем чемпионы Әсел Далиева «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанып, көпшілікке танылды. Ол тек мықты ойыншы ретінде ғана емес, сондай-ақ жаттықтырушы ретінде спорт шеберлерін дайындап, тоғызқұмалақ жайлы жинақтар мен арнайы оқулықтарды құрастыруға кірісті. Осылайша ары қарай да жұмысын жаңа деңгейде жалғастырып жатыр. Міне, біздің мақтанышымыздың еңбегі лайық бағаланып, осындай құрметке ие болып жатқаны бізді қуантады. Мұндай марапаттар спортшыларымызды шабыттандырып, одан әрі ынталандыратыны сөзсіз.


ДОДАДА ТОП ЖАРҒАН ҮЗДІК ОЙЫНШЫЛАРЫМЫЗДЫ ХАЛЫҚҚА ТАНЫТУ МАҢЫЗДЫ 

- Сонымен бірге, тек мемлекет тарапынан ғана емес жеке ұйымдар мен жанашыр азаматтар тоғызқұмалақтың дамуына өз үлестерін қосуда. Олар тек ойынды насихаттап қана қоймай, үздік ойыншыларымыздың танымалдылығын арттыруға да ықпал етуде. Мысалы, қазіргі танда Астана қаласындағы BINOM SCHOOL мектептер желісінің басшысы Шолпан Маратқызының еңбегін атап өтуге болады. Бұрын Астана қалалық Білім басқармасынын басқарған Шолпан ханым қазір Астанада тоғызқұмалақ федерациясы қамқоршылар кеңесінің төрайымы ретінде белсенді жұмыс істеп, BINOM мектептерінің бірінде Әсел Далиеваның суреті бейнеленген үлкен муралдың салынуына қолдау көрсетті. Міне, осындай үлгі-өнеге арқылы мектептегі оқушылар мен ұстаздар біздің мақтанышымыз - Әсел Далиеваны жақсы таниды. Осындай қолдауды басқа аймақтарда да жалғастырған жөн. Мысалы, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудандық, қалалық және облыстық әкімдіктердің спорт басқармалары арқылы халықпен кездесулерді насихаттасақ, олардың ел арасындағы танымалдығы арта түсер еді.

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ КАНАДА МЕН ПОЛЬШАНЫҢ ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫН ПЛАТФОРМАЛАРЫНДА ҮЗДІК ОЙЫНДАР ҚАТАРЫНА ЕНДІ

- Тағы бір маңызды бағыт – тоғызқұмалақты ғаламтор арқылы танымал ету. Дүниежүзілік федерация құрылғаннан кейін Канаданың және Польшаның танымал зияткерлік ойын платформаларына тоғызқұмалақты енгізіп, бұл ойын сол платформалардағы ең көп ойналатын ойындардың қатарына енді. Сонымен қатар, iOS және Android жүйелеріне арналған мобильді қосымшалар да әзірленді. Осы арқылы үздік ойыншылардың танымалдылығы виртуалды кеңістікте де артып келеді. Біз де өз тарапымыздан жұмыс жасауды жалғастыруымыз керек. Мысалы, «Ұлы даланың зияткер тұлғалары» жобасы аясында федерацияның сайтында үздік ойыншыларды дәріптеудеміз. Бұл бастаманы ұлттық арналар, спорттық телеарналар мен телерадиокомпаниялар кеңінен таратса, одан әрі нәтижелі болар еді.

Фото: Ертай Тілеухабыл 

ТАРИХЫ ОРТАҚ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛІГІН НЫҒАЙТУДА ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫ ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ

- Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының  бауырлас түркі халықтары арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз? 

- Дұрыс айтасыз. Бүгінгі геосаяси жағдай түркі халықтарының ынтымақтастығын, достығын және әріптестігін барлық салада, түрлі тәсілдермен нығайта беруіміз керектігін көрсетіп отыр. Біздің ортақ тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және құндылықтарымыз бар. Осы бірлігімізді сақтап, одан әрі арттырудың бір маңызды жолы – бабаларымыздан қалған ұлттық спорт ойындарын дамыту. Бұл түркі халықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдете түсетін маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі әлемде біз түркі халықтары бірлігін нығайта алсақ, болашағымызға деген сеніміміз артып, ата-бабаларымыз аңсап кеткен лайықты орнымызды әлемдік аренада аламыз. Ойындардың атаулары әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бұл бөлінудің себебі емес. Біз бұған қынжылмауымыз керек. Мысалы, қырғыздар күресті "алыш", асықты "ордо" деп атайды. Ұлттық ойындарымызды ортақ атауға келтіруді талап ету – халықтар арасындағы бірлікке сызат түсірумен бірдей болар еді. Сондықтан мұндай бастамаларды дер кезінде тоқтату маңызды. Өткенде Мәжілісте тоғызқұмалақтың атауына қатысты ұсыныстар айтылды, бірақ бұл тақырыпты көтеру орынсыз болды. Түрлі жолдармен биік мінберге шыққандар мәселенің салдарын ойланып барып, көтергені дұрыс. Спорт болсын, өнер болсын, әдебиет болсын, осы салаларда түркі халықтарының бірлігін нығайтуға үлес қосу – біздің азаматтық әрі ұлттық парызымыз.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Түркі халықтарының достығы мәңгі болсын!

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар