Түркістан облысында 100 жастағы әже TikTok желісінде видео түсіріп жүр. Ақ жаулықты әже Тахира Құрманованың желідегі видеолары миллиондаған қаралым жинаған. Бұл туралы Alash.KZ порталы Otyrar арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарияның әр күні минутқа дейін белгіленген екен. Таңертең келіндеріне тапсырма беріп, сосын немерелерімен TikTok желісіне видео түсіреді. Ал кешке балаларына шұлық тоқиды. Сондай-ақ әже жаңа ұрпақ тәрбиесін бәрінен де жоғары қояды.
100 жастағы қария Тахира Құрманова қозғалыста болып, өмірді сүю ең басты дүние деп санайды.
"Өз отбасым үшін ризамын. Ең бастысы өмірден ләззат алу, мейірімді болу және дұрыс тамақтану. Әрқашан жаңа нәрселерге ашықпын. Немерелерім маған әлеуметтік желілерді басқаруды үйретті. Бұл өте қызықты", – деді Тахира Құрманова.
Ғасыр жасаған әженің 53 немере, 80-ге жуық шөбересі бар.
TikTok жұлдызы үйіндегілерді жүзінен таниды. Себебі есімдері қиынырақ дейді.
Тахира Құрманова 1925 жылы дүниеге келген. Тігінші, сатушы жұмыстарын істеген. Зейнеткерлікке шыққан соң өзін отбасына арнауды шешкен.