ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке - жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II - 28 ж»,- деп жазылған да, iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның - түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды. Ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұның «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.
«Қадiрлi Әлеке!
Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы - достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.
Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және: егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігерлік-ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.
Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.
Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған «Авксеньев одағына» Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.
Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз? Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.
Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.
Жер мәселесi төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Пален мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың - Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары - Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр - Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақ та бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме? Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау - өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы - әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?
Әлiмхан.
Сотайға сәлем.
Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз. Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз.
Әлiмхан.
25/II-28 жыл.
Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».
Дереккөз: Тұрсын Жұртбай, "Ұраным - Алаш!..." Бірінші кітап.-Алматы, 2019
Alash.kz ұлттық порталы