Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"20 жыл бойы сақтады". Блогер марқұм Заманбек Нұрқаділовтің әкесіне сыйлаған алтын сағатын сататынын айтты

12:06, 18 қыркүйек 2024 1313

Қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің 20 жыл бойы сақталған алтын сағаты аукционда сатылмақ. Белгілі блогер бұл жайлы мәлімдеді. Сатылымнан түскен пайдаға ауыл балаларын өнер-білімге баулитын мектеп ашу жоспарын да хабарлады, деп хабарлайды  Alash.kz ұлттық порталы KAZ.NUR.KZ порталына сілтеп. 

Блогер Ақарыс Әділжан Instagram-дағы парақшасында Заманбек Нұрқаділовтің 20 жыл бойы сақталған сағатын көрсетті. Оны 1999 жылы блогердің әкесіне, актер Ұлан Нүсіпжанға қайраткердің өзі сыйлаған.

"1999 жылы Заманбек аға мен Мақпал апа Есік қаласында демалыстарын өткізіп жатқан еді. Анам ол кезде маған екіқабат екен. Әкем Заманбек ағамен амандасып қайтайын деп барған еді, Заманбек аға қолындағы алтын сағатын әкеме тағып, "Інім, мына сағат сенде болсын! Бірақ сатып жіберме" деп сыйлық жасаған екен. Бірнеше күннен кейін Мақпал апа сол сағаттың қорабын, чек, сақтандыру талондарын әкеме әкеліп беріпті", - деп жазды блогер.

Блогердің айтуынша, Нұрқаділов қайтыс болғаннан кейін отбасында қиын кездер болса да, әкесі сағатты сатпаған. Әкесі оны мүлдем тақпаған, "Ағамның көзі" деп арнайы сақтаған.

"2005 жылдан бері отбасымызда қиын кездер болмады емес, болды. Әкем айтпақшы, үйде қарапайым қант та болмаған кездер болды... Сол кездерде талай кісілер "Зәкеңнің сағатын бізге бәленбай мың долларға сатшы" деп сұрайтын. Бірақ әкем ешқашан сағатты сату деген нұсқаны тіпті ойына алмайтын!" - деді блогер. 

Ақарыс Әділжан Нұрқаділовтің сыйлықты әкесіне беру себебін – өнерлі ауыл баласын қолдағаннан деп түсіндірді. Сондықтан қазір сағатты аукционда, одан түскен ақшаны ауыл балаларын білім мен өнерге баулитын мектепке жұмсамақ.

"Заманбек Нұрқаділов менің әкемді жақсы көретін. Себебі әкем, Нарынқолдан келген ауылдың баласы – өнерлі болатын. Ал Заманбек аға ауылдың өнерлі балаларын қолдағанды жақсы көретін", - дейді Ақарыс Әділжан. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар