Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусының таралуы күрт күшейіп, ел тарихындағы өлім-жітімі ең жоғары індеттердің біріне айналды. БҰҰ өкілдері аурудың өте жылдам қарқынмен таралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Мамыр айының ортасынан бері Конгода 5 290 адамнан Эбола вирусы анықталған. Оның ішінде 2 516 адам қайтыс болып, 1 152 науқас сауығып шыққан. Қазір шамамен 840 адам оқшауланған немесе медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Көрсетілген деректер бойынша өлім-жітім деңгейі 47,6%-ды құрайды.
БҰҰ-ның Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейстің айтуынша, індеттің таралу қарқыны халықаралық мамандардың әрекет ету мүмкіндігінен асып барады. Оның сөзінше, ауру ошағы соңғы уақытта кең аумаққа таралып, жағдай күннен-күнге күрделеніп келеді.
Індетпен күреске медицина қызметкерлері де тартылған. Осы уақытқа дейін 160 медицина маманы Эбола жұқтырған, олардың 43-і қайтыс болған.
БҰҰ халықаралық қауымдастықты Конгоға шұғыл көмек көрсетуге шақырды. Ұйым өкілдерінің айтуынша, індетпен күреске бөлінген қаражаттың тез таусылу қаупі бар.
АҚШ Конго үкіметіне індетке қарсы шараларды күшейту үшін 80 миллион доллар бөлген. Қаражат ауруханалардағы төсек орындарын көбейтуге және қайтыс болғандарды қауіпсіз жерлеуді ұйымдастыруға бағытталады.
БҰҰ өкілдері қаржыландырудағы кез келген кідіріс індеттен болатын адам шығынын көбейтіп, аурумен күресті одан әрі қиындатуы мүмкін екенін ескертті.