Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«18 жастағы қыз ауруханаға түсті. Қылмыстық іс қозғалды»: Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концерті дүрбелеңге ұласты

13:04, 11 қазан 2026

Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен концерт кезінде 8 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың бірі – 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізілді. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz.

Kazinform мәліметінше, оқиға 10 қазанда әнші Қайрат Нұртастың шығармашылық қызметінің мерейтойына арналған «Сахнада 20 жыл» концертіне көрермендер кіріп жатқан кезде болған. Әлеуметтік желілерде стадионға кіреберісте адамдардың шамадан тыс көп жиналғаны туралы ақпарат тарады.

Шымкент қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, концерт кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

– Адамдардың көп жиналуына байланысты бір адам зардап шекті. Іс-шараны ұйымдастырушылар полицияға жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр, – делінген полиция хабарламасында.

Тергеу қорытындысы бойынша ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады.

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, концерт кезінде медициналық көмекке жүгінген 8 адамның жетеуі тексеруден кейін үйіне жіберілген.

– Ал 18 жастағы қыз ауруханаға жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында, – деп мәлімдеді ведомство.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар