Шымкентте кәмелетке толмаған тағы бір қызды алып қашу оқиғасына қатысты дау өршіді, деп хабарлайды Alash.kz.
Осыдан үш жыл бұрын 16 жастағы жасөспірімді 20 жастағы жігіт ұрлап кетіп, жалдамалы пәтерде күш көрсеткені туралы ақпарат тарады. Жәбірленушінің отбасы қылмыскерлердің әлі күнге дейін жазасыз жүргеніне шағымдануда.
Оқиға кезінде күдікті қызды өз үйіне апарып, күшпен келін қылып қалдырмақ болған. Тіпті, қызын құтқаруға келген әкесіне де қарсылық көрсетіп, күш қолданған көрінеді. Жәбірленушінің әкесі сол кездегі қысым туралы былай дейді:
Қызыңыз өзі қалғысы келеді. Жігітті неге соттатасыз? Қызыңызды үйге әкелсеңіз не істейсіз, ол бұзылған, енді ешкім алмайды деді. Кейін тіпті: «Оны 20 жылға соттап, кастрация жасаса, обал емес пе?» деп айтты.
Бойжеткен күдіктінің үйінде үш ай бойы еркінен тыс тұруға мәжбүр болған. Осы уақыт ішінде оған оқуын жалғастыруға тыйым салынып, шәкіртақысы тартып алынған және үнемі соққыға жығылған. Ақыры қыз үш айдан соң қашып шыққан.
Алайда, Шымкент қаласының прокуратурасы бұл істің қылмыс құрамы толық болмауына байланысты тоқтатылғанын хабарлады.