UFC-дің қазіргі басшысы – Дэйна Уайт. Бас кеңсесі – АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында орналасқан.
UFC – ережесіз жекпе-жек ұйымы. Ал «файтер» – шаршы алаңда жұдырықтасушы. Ережесіз деп аталғанымен өзге спорт сияқты өзіндік ережелері, қолдануға болмайтын іс-әрекеттері де бар. Мысалы, шаршы алаңда спортшылар бір-бірін тістеуге, көзден шұқуға, баспен соғуға, тырнауға, шаштан тартуға, желкеден, омыртқадан және кіндіктен төмен соққы жасауға тыйым салынған. Сайыс қарсыластардың берілуімен және жаттықтырушылардың тарапынан алаңға сүлгі лақтыруымен тоқтатылады.
Спортшылар чемпиондық белбеуге таласу кезінде бес минуттан тұратын бес раунд, титулды кездесулерде үш раунд жұдырықтасады.
«Файтерлердің» бұған қызығып, ұмтылу себебі әлем бойынша ережесіз жекпе-жектегі нөмір бірінші тұжырым. Соған жету жолында спортшылар барын салады. Бұны танымал болу, ақша табудың көзі ретінде немесе елдің атағын шығару ретінде қарастырады.
Жақында ҚР ҰҚК Шекара академиясына осы UFC тұжырымы бойынша жарысқа түсіп, жүлделі орындарды иеленіп жүрген Азат Мақсұм мен Бекзат Алмахан келіп, 4-оқу дивизионының курсанттарымен кездесті. Аталмыш шараны аталмыш дивизионның тәрбиеші офицерлері ұйымдастырды.
Азат Мақсұм 1995 жылы Алматы облысының Бақанас ауылында туған. Кішентайынан спортқа жаны құмар жас жігіт күреспен айналысып, спорт шебері атағына қол жеткізген. Сонымен қатар, жекпе-жек бойынша спорт шебері атағына ие және джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткер. ММА-да алғашқы жекпе-жегін 2017 жылы өткізген. Содан бері 17 жекпе-жек өткізіп олардың бәрінде жеңімпаз атанған. Oktagon, Brave, CF және Naiza сияқты промоушндарда өнер көрсеткен. Соңғы жекпе-жегінде бразилиялық Фабрисиу Нуньесті қылқындыру тәсілімен жеңген болатын. Сол жеңіс оның UFC-мен келісімшартқа отыруына себеп болды.
Алмахан Бекзат аралас жекпе-жектен «Oktagon-47» турнирінде өнер көрсетіп спорттағы мансабында 16-шы жеңісіне қол жеткізген болатын. Жарыс барысында Бекзат бразилиялық боксшыны басынан теуіп нокаутқа түсірген еді. Айта кету керек, UFC-ге түсуге үміткер Алмахан соңғы жекпе- жегінде аргентиналық Мауро Мастромариниден басым түсіп, UAE Warriors прооутерлік жекпе-жегінде жеңіске жеткен екен.
Шара барысында жекпе-жек өнерінің шеберлеріне курсанттар көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды. Қос спортшы шекарашы курсанттармен естелікке суретке түсіп, оларды спортпен тұрақты түрде шұғылдануға шақырды. Әсіресе, ер азаматтарға тән жекпе-жек өнерімен айналысуды ұсынды.
UFC тұжырымында қалай жұдырықтасуға болатынын білгісі келген курсанттардың бірінің сауалына Азат Мақсұм: «UFC-ге шығу үшін спортшы танымал, рейтингі жоғары және жанкүйерлері көп болуы керек. Сонымен қатар, WSOF, Bellator, ACB сияқты рейтингі жоғары тұжырымдармен келісімшартқа отырып, сегізбұрыш алаңында өзін жақсы қырынан көрсетсе немесе чемпион атанса өтуге болады. Қазір танымал промоутерлікте қазақстандық жігіттер де жоқ емес. Атап айтар болсам, ACB тұжырымында Арман Оспанов және One Championship-те Қайрат Ахметов бар», - деп жауап берді.
Өз кезегінде шекарашылар спортшыларға шағын ғана концерттік бағдарламаларын тарту етіп, қонақтардың алғысын алды.
Жанат Жабырбеков,
ҚР ҰҚК Шекара академиясының баспасөз хатшысы