Алматы – Қорғас тасжолында орын алған апаттан 3 адамның қаза табуына кінәлі деп танылған бұрынғы полиция майоры Абылай Жарылқасынұлына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматтық талапты ішінара қанағаттандырып, сотталушыны марқұмдардың туыстарына келтірілген моральдық және мүліктік зиян үшін жалпы 30 млн теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттеді. Яғни, экс-полиция майоры Абылай Жарылқасынұлынан 29 млн теңге моральдық зиян мен 1 799 089 теңге мүліктік шығын өндіріледі.
Бұған дейін сот 37 жастағы экс-полицей Абылай Жарылқасынұлын 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік басқару құқығынан ажыратқан болатын. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігі («Мас күйде көлік басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру») бойынша қаралды.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 23 маусымда Жарылқасынұлы мас күйінде өзінің HAVAL M6 көлігімен Алматы – Шелек – Қорғас тасжолының 132-шақырымында қарсы бағытқа шығып кетіп, AUDI автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 41 жастағы жүргізуші Ахметжан Жүнісов, оның 40 жастағы жұбайы Гүлхумар Махаметова және олардың 20 жастағы қызы Дияра Тиип қаза тапты. Ал ерлі-зайыптының екі баласы мен Дияраның 1 жасқа толмаған қызы ауыр жарақат алып, ауруханаға түскен.
Апаттан кейін марқұмдардың туыстары күдіктінің құқық қорғау органдарында 15 жылдан астам қызмет еткенін айтып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деп алаңдаған еді. Кейін оның бұрын учаскелік инспектор, соңғы уақытта жедел уәкіл болып істеген майор екені белгілі болды.
Сот қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, бапта көзделген ең жоғары жазаны тағайындады. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.