Бағдагүл сынықшы әлеуметтік желіде өзін ақша алды деп айыптаған емделушісінің шағымына жауап беріп, өзіне жала жабылғанын айтып ренішін білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Eмделушілердің бірі сынықшының үстінен шағым түсіріп, материалдық айып таққан. Осы оқиғаға ашуланған Бағдагүл сынықшы ешкімді күштеп емдемейтінін баса айтып, Астанадағы орталықтың жалға алу ақысын төлеу қажеттілігін алға тартты.
Ол өз ренішін: «Білмеймін, әрбір жексенбі халықтың алғысын тыңдаймын. Мен ешкімге зорлықпен ем жасап жатқаным жоқ! Енді 10 мың теңге, Астанадағы адам қарау орталығының арендасын қалай төлеуім керек? Ұнамаса, неге келесіңдер? Талдың түбінде отырып, далада қарамайтын шығармын. Айыппұл салып, тағы басты қатырасыңдар ма?», – деп білдірді
Сонымен қатар сынықшы орталықта өзі тікелей қаржы ұстамайтынын, ал жағдайы ауыр жандарға тегін көмек көрсететінін жеткізді.
Мәселенің анық-қанығын түсіндірген ол: «Мен тіпті ақша ұстамаймын да! Кіре берісте көмекші қабылдап алады. Өтірікті де шамалы келістірсеңіз болады ғой. Жағдайы ауыр кісілерге, ағайын-тума, бауырлар, жерлестер, туыстар, достар, құда-жекжатқа бір тиын алмай тегін қараймыз. Біреуді атағына немесе байлығына қарап емдеп жатқан жоқпыз», – деп өз уәжін айтты.