Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура қазақстандықтарға маңызды үндеу жасады

16:08, 23 шілде 2026

23 шілде күні сағат 18:01-де Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Осыған байланысты Бас прокуратура сайлау науқанын өткізу тәртібін еске салды, деп жазады Alash.kz.

Ведомство мәліметінше, сайлауалды үгіт-насихат бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы, сондай-ақ көпшілік алдында өтетін сайлауалды іс-шаралар мен үгіт материалдарын тарату арқылы жүргізіледі.

«Үгіт-насихат БАҚ пен онлайн-платформалар арқылы, жария сайлауалды іс-шараларын өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады», – делінген Бас прокуратураның үндеуінде.

Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қойылатын талаптарға ерекше тоқталды. Атап айтқанда, сайлауалды үгіт материалдарын жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларда жариялауға тыйым салынады.

Сонымен қатар БАҚ кандидаттар мен саяси партиялардың сайлауалды науқанын объективті түрде, олардың мақсаттарын, міндеттерін, сайлауалды іс-шараларының нәтижелерін, сондай-ақ осыған қатысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай жариялауы тиіс.

Жалған мәлімет таратуға болмайды

Редакциялар мен онлайн-платформа қолданушыларына кандидаттар мен саяси партиялардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін көрінеу жалған ақпараттарды жариялауға жол берілмейтіні ескертілді.

Сондай-ақ кандидат немесе олардың сенімді өкілі ретінде тіркелген журналистер мен БАҚ редакцияларының лауазымды қызметкерлері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау барысын жариялауға қатыса алмайды.

Барлық партияларға тең мүмкіндік берілуі тиіс

Бас прокуратура саяси партияларға БАҚ-та үгіт материалдарын орналастыру үшін тең жағдай жасалуы қажет екенін атап өтті. Егер редакция бір партияға ақылы негізде үгіт жүргізуге мүмкіндік берсе, дәл сондай талаптар мен шарттар басқа партияларға да ұсынылуы тиіс.

Үгіт материалдарына қойылатын талаптар

Сайлауалды үгіт материалдарында:

  • материалды дайындаған ұйым немесе тұлға;
  • тапсырыс беруші;
  • қаржыландыру көзі туралы мәлімет міндетті түрде көрсетілуі керек.

Сонымен қатар:

  • анонимді үгіт материалдарын таратуға;
  • Қазақстаннан тыс жерде дайындалған материалдарды пайдалануға;
  • қазіргі сайлау науқанына қатысы жоқ материалдарды таратуға тыйым салынады.

Бас прокуратураның үндеуі

Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын сайлауалды үгіт-насихат барысында сайлау заңнамасын қатаң сақтауға және заңға қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар