Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 460 мың доллар көлеміндегі параға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. orda.kz мәліметінше, бұл соманы Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-шенеуніктің жұбайы адвокатқа берді деген ақпарат бар.
"Арыстанбек Мұхамедиұлы осы іс бойынша пара беруді ұйымдастырушы болып отыр және үкімдер жиынтығы бойынша бұрынғы шенеунік 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның әйелі Ғалия Ысқақова ақша бергенін мойындаған. Алайда ол мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство қызметкерлерінің қысымымен жасағанын мәлімдеп отыр",
- деп келтіреді басылым сот ісі туралы деректі.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Сейфулла Тасымбетов аштық жариялаған Мұхамедиұлының өтінішін қанағаттандырып, Антикор қызметкерлері тарапынан азаптау және құқыққа қарсы шара деректерін тексеру туралы қаулы шығарды.
Ал өтінішін қанағаттандыратын қаулы жарияланғаннан кейін Мұхамедиұлы судьяға алғысын білдіріп, жағдайы нашарлағандықтан аштық жариялауды тоқтату ниеті барын мәлімдеп, отырысты тоқтатуды сұрады. Келесі отырыс сотталушылардан жауап алумен жалғаспақ.
Сегіз жылға бас бостандығынан айырылған экс-шенеунік Арыстанбек Мұхамедиұлы әр сот отырысында небір шоу жасаудан жалықпайды. Осындай отырыстардың бірінде ол "аштық жариялаймын" деп сес көрсеткен еді.
"Менің құқыма шек келтірсе, ресми түрде аштық жариялаймын. Олар не қаласа, оны қаласын!" - деген Арыстанбек Мұхамедиұлы.