Мәселен кеше ғана Алматы облысында «Жатақхана» профилактикалық іс-шарасы өтті. Шара барысында төтенешлік мамандар жатақхана тұрғындарына эвакуациялау жолдарын жауып алмау, ас үйде тамақ дайындау үшін газ баллондарын пайдаланбау, жылыту батареяларының дайындығын уақытылы тексеру, пәтерлердегі, жатақхананың кіреберісіндегі сымдар мен розеткалар, бұзылған электр құралдарын пайдаланбау секілді түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға тұрғындарды шақырды. Рас, кейбір тұрғын жайлардағы пәтер немесе жатахана иелеріне кемшіліктер бойынша нұсқама беріліп, тез арада қауіпсіздік шараларын қалыпқа келтіру сұралды. Мұндай ескерту шараларының арқасында талай кемшіліктер жойылып, қауіптің алды алынып жатады.
Мәселен республика көлемінде атқарылып жатқан шаралардың бірқатарына тоқтала кетсек, бір ғана Талғар ауданы бойынша «Жатақхана» профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде 48 пәтер және 73 тұрғынмен қажетті сақтық шаралары жасалып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Және сақтық шараларынан хабардар ететін 120 парақшалар мен брошюралар таратылып берілген. Бұл бір күндік науқан емес, алдағы уақытта да республика бойынша барлық өңірлерде атқарыла беретін жұмыстар. Өйткені жыл сайын осы маусымның қоғамымызға келтірер залалы аз болмай тұр. Салыстырмалы түрде статистика төтенше жағдайлардың азайып келе жатқанын айғақтағанымен, мамандар әлі де болса қауіптің алдын алу шараларын күшейту қажеттігін ескертеді.
Мәселен соңғы бір апта ішінде республика аумағында жылыту пешінің ақаулығы салдарынан 13 адам улы газдан уланып, оның біреуі қаза да тапқан көрінеді. Қостанай облысында жылыту маусымы ертерек басталатындықтан, қыс келмей жатып жылыту маусымының қатерін сезініп те үлгеріп жатыр. Атылмыш өңірде улы газдан уланудың 1 жағдайы тіркелген. Приозерное ауылында 90 ш.м. алаңдағы жеке тұрғын үйдегі өрттің салдарынан улы газдан уланған 1954 жылы туған пәтерді жалға алушы ауруханаға жатқызылды. Ал Абай облысы Бородулиха ауданы Ивановка ауылында көмір пешімен жылытуды пайдалану ережелерін бұзу салдарынан уланып, 1989 жылы туған үй иесі және оның 2009, 2011, 2013, 2015 және 2020 жылдары туған 5 баласы ауруханаға жатқызылған. Бір жаман жері иіс тию бір сәтте бір үйлі жанды қатарынан қырып салатын «тілсіз жау». Сондықтан иіс тиюге қатысты шараларда тұрғындар аса сақ болғаны жөн.
Атырау облысында да улы газдан уланудың үшінші жағдайы орын алған. Жеке тұрғын үйде табиғи газбен жылытылатын пешті пайдалану ережелерін бұзғаны үшін газ шығып, 6 адам, оның ішінде 1986 жылы туған үй иесі, оның 2001 жылы туған, 2005 жылы туған, 2012 жылы туған, 2019 жылы туған балалары, сондай-ақ 1933 жылы туған үй иесінің анасы ауруханаға жатқызылып, өкінішке қара үйдің үлкені табиғи газдан улану себебінен қайтыс болған.
Бұл бір ақ апта ішіндегі кездескен жағдайлар. Ал жылыту маусымы аяқталам дегенше әлі талай апта бар екенін ескерсек шығынның тіпті көбейе берерін аңғарамыз. Сондықтан қазірдің өзінде еліміздің төтеншелік мамандары дабыл қағып отыр. Осы орайда еліміздің төтеншелік мамандарын да сөзге тартып, сақтық шаралары туралы кеңестерін тыңдаған едік.
Ақтөбе облысының құтқарушысы Айдос Нәбиев «Негізі азаматтарымыз қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтап отырса жылыту маусымынан аман есен өтер едік. Қарапайым қауіпсіздік ережесін халқымыз сақтай бермейді. Оның арты қайғылы жағдайларға соқтырып жатады. Атап айтар жайт, пеш мұржасын міндетті түрде кем дегенде 3 айда бір рет тазалап отыру қажет. Пешті мүлдем қараусыз қалдыруға болмайды, әсіресе оны балаларға сеніп тапсырудың қажеті жоқ. Пештің үстінде және оған жақын жерде тез тұтануға бейім отын, киім және басқа да жанғыш материалдарды кептірмеу керек. Тұрмыстық жағдайда өрттер көбінесе қысқа тұйықталу, электр желісін қайта жүктеу, түйіспелі қосылыстардың ұшқындауы және қызуы нәтижесінде туындап жатады. Сондықтан күмәніңіз туындаса арнайы мамандарды шақыртып электр желілерін де тексертіп алып тұрғынның зияны жоқ. Кейде ұялы телефонды токқа қосып қойып ұйықтаудың да зардабы бар. Ақаулы қосқыштарды, ажыратқыштарға бір мезгілде бірнеше қуатты электр аспаптарын қойып, электр желісіне шамадан тыс жүк түсіргенде де от тұтану қаупі бар. Розетка жылдам өшіріп үлгеретіндей мүмкіндігінше қол жетімді және қауіпсіз болуы керек» дейді.
Көп жағдайда балалар да қауіпті жағдайдың тұтануына себепкер болып жатады. Сондықтан ерте жастан бастап балаларды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға үйретіп, төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ете білуге де үйретуіміз керек. Өйткені төтенше жағдайдың азаюына әрбір азаматтың жауапкершілікті сезінуі, сақтығы оң ықпал етеді.
Ерзия Ерсұңқар