Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Тірі болсақ, алдымыз үлкен той": 12 желтоқсан - Қазақ мемлекеттілігін қайта тірілткен Алаш автономиясы құрылған күн

13:00, 12 желтоқсан 2024 249

Тарихи деректер Түркістан мұхтариатын құру – Алаш автономиясын құрудың алдыңғы шарты болды деген тұжырымға жетелейді.

2016 жылдың 12 желтоқсанында Қазақ мемлекеттілігін қайта тірілткен Алаш автономиясының құрылғанына 99 жыл толды. Одан 2 апта бұрын Қоқанд қаласында Түркістан мұхтариаты деген атаумен тағы бір мемлекеттік құрылым дүниеге келген-ді.

Алайда, Мұстафа Шоқай мен Зәки Валиди Тоғанның (Ахмет Зәки Валидов) естеліктеріне қарағанда, Алаш және Түркістан автономияларының бірортақ құпиясы бар көрінеді.

Атап айтқанда, Алаш бірыңғай қазақ ұлттық мемлекеті емес, ал Түркістан мұхтариятын (Қоқан автономиясын) құру туралы стратегиялық шешім Қоқанда емес, Орынборда қабылданған.

Ақиқатын айтқанда, Түркістан мұхтариятын да, Алаш автономиясын да құру туралы шешім Орынбордағы бір орталықта қабылданып, екеуіне де ұйытқы әрі басшы болған  Алаш қайраткерлері болатын.

Қазіргі берік қалыптасқан көзқарасқа сәйкес, кеңес тарихнамасынан «Қоқанд автономиясы» деген атауымен белгілі Түркістан мұхтарияты Мұхаметжан Тынышбайұлы мен Мұстафа Шоқайдың мұрындық болуымен құрылып, бұл мемлекеттік құрылым 1917 жылдың 27 қарашасынан 1918 жылдың 22 ақпаны аралығында дейін жасады.

Түркістан мұхтарияты жарияланған 28 қарашадан 12 желтоқсанға дейінгі аралықта бұл мемлекеттік құрылымның төрағасы (премьер-министрі) Мұхаметжан Тынышбайұлы, ішкі қарама-қайшылықтардың салдарынан ол биліктен бас тартқан себепті, оның орнына Мұстафа Шоқай сайланып, автономияны толығымен күйреуіне дейін басқарды.

Түркістан мұхтарияты зерделенетін зерттеулерде оның құрылуы мен жариялану тарихында бірден-бір жетекшілік рөл негізінен Мұстафа Шоқайға артылады да, Мұхаметжан Тынышбайұлы көбіне Алаш қайраткері, Алаш Орда Халық кеңесінің мүшесі ретінде сипатталады.

ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды зерттейтін тарихшылардың арасында Алаш автономиясынан Түркістан мұхтариятының тарихи маңызы мен рөлін жоғары қоятын ғалымдар да жоқ емес. Ал бүгінгі күні айналымға түскен тарихи мәліметтер Алаш автономиясы мен Түркістан мұхтариятының тарихын түбегейлі қайта қарауға жетелейді.

Мысалға, Түркістан мұхтариятының құрылуына куә болған қайраткерлердің бірі, 1917-1919 жылдардағы Башқұрт автономиясының төрағасы болған Ахмет Зәки Валидовтың естелігіне сәйкес, Қоқан автономиясын немесе Түркістан мұхтариятын құру туралы бастама да, түпкілікті шешім де Қоқан қаласындағы  Мұсылмандардың IV Жалпытүркістан құрылтайында емес, Бүкілресейлік Уақытша үкіметтің Торғай облысы бойынша комиссары Әлихан Бөкейханның Орынбордағы кеңсесі – резиденциясында қабылданған.

Өз естеліктерін «Зәки Валиди Тоған» деген есімімен Түркияда жариялаған Ахмет Заки Валидов ол туралы: «Қазақ халқының көрнекті қайратерлері: Ахмет Байтұрсын, Шыңғыс хан ұрпағы, Бөкей ордасының аса қадірлі өкілі, егде жастағы Шәңгерей сұлтан Бөкейханов, Ташкенттен келген Мұстафа Шоқай, Жиханша Досмұхамедұлы және басқалары қазанның соңы – қарашаның басында Торғай губернаторы Ғали хан Бөкейханның резиденциясында жиналды. Мен бірнеше мәжіліске қатыстым», - деп жазды.

Оның жазуынша, 28 қазанда Ташкент қаласы да Кеңес өкіметінің қолына өтті, сол себепті Мұстафа Шоқай Орынборда кідіруге мәжбүр болды. Әлихан Бөкейханның кеңсесіндегі 2 күндік мәжілістің барысында қазақ қайраткерлері Ахмет Зәки Валидовқа «башқұрд істерін қоя тұрып, М. Шоқаймен бірге Ташкентке аттануды ұсынады». Ал Әлиханның резиденциясындағы мәжілісте Ташкентегі, яғни большевиктердің үстемдігі орнаған жалпы Түркістандағы ахуалды үйлестірмейінше, билікті Кеңес өкіметінен қайтарып алмаған күн де, таразы басын теңестірмейінше, Алаш автономиясын жариялауға болмайды деген ортақ пікірге келеді. «Мәжіліс, - дейді Ахмет Зәки Валидов өз естелігінде, - «2 күн жалғасып, біздің келешек тағдырымызды негізінен айқындап берді».

Ал Түркістан мұхтариятын құрып, оның алғашқы премьер-министрі болып сайланған Мұхаметжан Тынышбайұлы өзінің әрбір ісін Әлихан Бөкеханмен кеңесе отырып атқарғанын оның 1917 жылы Уақытша үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалуының ізінше Ташкенттен Алаш көсеміне жазған хатынан анық байқауға болады.

Түркістан мұхтарияты Орынбордағы 2 күндік мәжіліс қабылдаған жасырын шешіммен және Әлиханның тікелей тапсырмасымен құрылғанын бұлтартпай дәлелдейтін тағы бір тарихи оқиға – Алаш автономиясы құрылып, Әлихан бастаған оның жоғарғы атқарушы билігі – Алаш Орда Ұлттық кеңесі жасақталғанда, Мұхаметжан Тынышбайұлы мен Мұстафа Шоқай екеуі – бірі Түркістан мұхтариятының төрағасы, екіншісі оның сыртқы істер министрі болуына қарамастан, Алаш Орда үкіметінің мүшелігіне сайланды. Адамзат тарихында екі дербес мемлекет пен олардың екі бөлек үкіметтеріне бір қайраткердің қарама-қатар мүше болып сайланған басқа бір мысал табыла қояр ма екен?!

Ал сол «Ұлы Түркістан» идеясын бір Мұстафа Шоқайға таңатын мұстафатанушылардың кейбірі Әлихан Бөкейхан Алаш автономиясының Түркістанмен бірігуіне қарсы болды деген пікіріне дәлел ретінде Алаш көсемінің «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласын келтіреді. Ия, Әлихан ол мақаласында «Түркістан өз алдына автономия болар. Біздің қазақтың Түркістанға қосылғаны оң деген фікір де бар. Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз... Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы соқыр болса, Түркістан 10 есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз?» - деп жазды.

1918 жылдың 26 шілдесінде Сібір автономиясының Министрлер кеңесіне жолдаған баяндамасында Әлихан Бөкейханның «Алаш Автономиясы Сібір мен Түркістан облыстарының құрамына ешқашан кірмеген Қазақ өлкесінің 6 миллион қазақ-қырғыз халқын біріктіреді», - деп жазғаны тағы бар.

Әлихан Бөкейхан бұл саяси көзқарасын қазақ пен Орта Азияның өзге түркі-мұсылмандары үшін емес, панисламизмнің және пантүркизмнің күшеюінен қатты сескенетін Ресей басшылары үшін, оларды адастыру, алдарқату мақсатында ғана жазған саяси әдіс-амал болатын.Алаш пен Түркістан автономияларының екі бөлек құрылуының басты сыры да осында жатыр еді. 

Отаршыл Ресей империясының патшалық билігі ғана емес, 1917 жылғы Ақпан төңкерісін жүзеге асырған демократтарының өздері де, тіпті «Қазан төңкерісі» деген бүлікпен билікті басып алған Кеңес өкіметі де түркі-мұсылман халықтарының бірігуінен қатты қорыққан. 1924 жылы Кеңес өкіметінің Орта Азия халықтарын дербес республикаларға бөліп, 1925 және 1929 жылдары Қазақстаннан Орынбор облысын Ресейге қосып беру арқылы, көрші туыс Башқұртстан мен Татарстанды Қазақ елінен ажыратуы соның бұлтартпас айғағы болып табылады (№ 1 фотосурет).

 

Ал Әлихан Бөкейханның көздеген түпкілікті мақсаты - Түркістан мұхтарияты орыс империясының отарлығындағы барлық түркі-мұсылман халқының басын біріктіруді көздеген Алаш автономиясы аяғынан тік тұрып кеткен жағдайда, оның құрамдас бөлігі болуға тиіс еді.

Әлихан Бөкейхан ХХ ғасырдың басында Еуропа мен Азия құрлықтарындағы әлсіз, Болгария, Қаратау (Черногория), Монғолия, Қытай сынды әлсіз, мәдениеті мен экономикасы артта қалған ұлтттар мен елдердің отаршыл, жыртқыш алып империялардың жемтігіне айналған, қайғы-қасыретке толы тағдырын жіті зерттей келе, бүкіл түркі-мұсылман халықтарының біртұтас мемлекетін қайта жаңғырту керек деген терең ойға келген.

Әлиханның ХХ ғасыр басында Еуразия кеңістігіндегі, жалпы бүкіл әлемдегі оқиғалардың барысы мен өрбуін қалт жібермей қадағалап, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде жариялап отырған «Еуропадағы славян һәм неміс», «Англия Еуропа соғысына не себеппен кіріскен?», «Балқан соғысы», «Түрік пен гірек», «Жапон һәм Қытай», «Монғол халі», «Монғол конституциясы» және тағы басқа көптеген саяси шолуы6 оның түркі-мұсылман халықтарының бірігуі керек деген идеясы адамзат тарихының өткені мен бүгінін терең зерттеп саралауынан туған маңызды қорытынды болатын.

Ал енді келесі жаңалыққа қысқаша тоқталсам, Алаш автономиясы – бірыңғай қазақ ұлттық мемлекеті емес, кем дегенде қазақ-қырғыз біртұтас мемлекеті, ақыр аяғында – Ресей империясының отарлығында болған түркі-мұсылман халықтарын біріктіретін қуатты мемлекет түрінде жоспарланып құрылды.

Оған, біріншіден, «Алаш» партиясы бағдарламасының ІІ тарауындағы «Реті келсе Қазақ автономиясы сыбайлас  жұрттармен  әзірге  бірлесе  болуы,  реті  келмесе  –  бірден-ақ  өз  алдына жеке болуы» деген жолдарынан көз жеткіземіз.

Екіншіден, Мұстафа Шоқайдың «Киргизская Советская Республика» деген айдармен Тифлистің «Вольный горец» газетінде 1920 жылдың 11 қазанында, яғни Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасының құрылтай жиналысының ізінше жазған мақаласындағы мына жолдары бұлтартпас дәлел болады: «Қазақстанмен» салыстырғанда «Алаш» - өрісі әлдеқайда кең түсінік және ол қазақтардың өздерін де, оларға туыс халық - қырғыздарды да қамтиды. «Қазақстан», тек қазақтың өзін ғана қамтитын өрісі әлдеқайда тар түсінік ретінде және қазақтың өз түсінігі бойынша, әрқашанда өресі тарлау ұлтшылдық пен шовинизмнің нышаны болатын».

Үшіншіден, осыдан тура 99 жыл бұрын, 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында Алаш автономиясын құрған Орынбордағы ІІ емес, ІІІ Жалпықазақ құрылтайында жасақталған үкімет – Алаш Орда Ұлттық кеңесінің 15 мүшесінің бірі - Жаныш Солтоноевтың тегі қырғыз екенін ұмытпау керек. Оның Алаш Орда комиссарлығына қазақтың өз қатарынан оқыған-тоқығаны бар азматтардың жетіспеуінен емес, басқа әлдеқайда маңызды, тамыры тереңде жатқан мақсат-мүддемен сайланғаны күмән туғызбаса керек.

Ал төртіншіден, қазіргі Қырғызстан географиялық жағынан да Алаш автономиясының территориясына қарайтын. Естеріңізге сала кетсем, Кеңес өкіметінің Орта Азия халықтарын дербес республикаларға бөлшектеп, шекаралық межелеу саясатын бастаған 1924 жылға дейін дерлік Қырғызстанның қазіргі жері Алаш автономиясының құрамдас бөлігі деп жарияланған Жетісу облысына қарайтын. 

Сібір автономиясының Министрлер кеңесіне жолдаған баяндамасындағы «Алаш Автономиясы Сібір сияқты пішіні дөңгелек тәрізді территорияны алып жатыр және 10 миллион халқы бар ірі саяси бірлік болып табылады» деп, сол 10 миллион халықтың ішінде қырғыздар мен Орта Азияның қарақалпақ, түркімен сынды өзге түркі халықтарын да атап көрсетсе керек.

Ал Әлихан Бөкейханның башкұрт және татар көсемдерімен 1918 жылдың көктемінде Алаш қаласында (ІІІ Жалпықазақ сиезі қаулысында 1917 жылдың көктемінде «Алаш» автономиясының уақытша астанасы ретінде белгіленді. - С.А.) және Ресейдің Құрылтай жиналысы мүшелері комитетінің сол жылдың күзінде Уфа қаласындағы «мемлекеттік мәжілісі» сыртында өткізген келіссөзінің нәтижесінде қазақ пен қырғыздың Алаш, башқұрт және татар автономияларының бірігіп бір мемлекет құруға келіскені – Алаш идеясы мен Алаш автономиясының түпкілікті мақсаты – орыс империясының отарлығындағы түркі-мұсылман халықтарының біртұтас мемлекетін құру, ашығын айтқанда – Ұлы Түркістан мемлекетін, Тұран империясын қайта жаңғырту болды деп кесіп айта аламыз.

Оған бірден-бір айғақ ретінде Алаш автономиясының тарихына қатысты Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағатында сақталған мына тарихы картаны атап көрсетуге болады (№ 2 фотосурет).

Мысалға, Алаш автономиясының ресми тарихынан Әлихан Бөкейхан мен Башкұрт автономиясының төрағасы Ахмет Зәки Валидовтың қазақ-башқұрт одағын құрмақ болғаны мәлім. Алайда, егер Әлиханның Мәскеуде ақырғы рет тұтқындалып, Бутырка абақтысында тергеушіге 1937 жылдың тамызында берген соңғы жауабына ден қойсақ, Әлихан Бөкейхан мен Зәки Валиди Тоған Қазақ-Башқұрт саяси одағын емес, біртұтас мемлекет құру туралы уағдаласқан болып шығады.

ОГПУ тергеушісіне Әлихан Бөкейхан сөзбе-сөз былай деп жауап береді: «1918 жылдың қыркүйегінде Уфа қаласында Алаш Орда үкіметі мен Валидовтың башқұрт үкіметі өкілдерінің мәжіліс болып өтті. Алаш Ордадан мен – Бөкейхан, Әлімхан Ермекұлы, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы болды... Осы мәжілісте біз Кеңес өкіметіне қарсы бірлесіп күресу және біртұтас Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру туралы уағдаластық».

Тергеушінің «Біртұтас Башқұрт-Қазақ мемлекетін құру шешіміне келгенде сіздер қандай мақсат-мүддені көздедіңіздер?» деген сауалына Әлихан Бөкейхан: «Біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін біздің қарулы күштерімізді біріктіру қажеттігі болды. Бұлайша күш біріктіруді біз Қызыл армияға төтеп беретін шынайы мүмкіндік деп бағаладық... Екіншіден, жеріміздің көрші болуы және Башқұртстанда башқұрттанып кеткен қазақтардың айтарлықтай көп тұратынын ескердік. Үшіншіден, Қазақстан мен Башқұрт экономикаларын ұштастырудың тиімділігі. Башкұрт рудасы, орманы және қазақ астығы, малы және мұнайы. Міне, осы жайттарды ескере келе біз біріксек, әскер жағынан да, экономика тұрғысынан да қуатты мемлекет құра аламыз деп есептедік», - деп мәлімдеді.

Алаш автономиясының төрағасы (президенті) әрі премьер-министрі Әлихан Бөкейханға қатысты тағы бір адасқан пікір бар. Ол «Әлихан Алаш автономиясын Ресейден бөліп тәуелсіз мемлекет құрғысы келмеді» деген пікір.

Ал тарихи деректерге сүйенсек, Әлихан Алаш автономиясын құрмай тұрып-ақ, келешек ұлттық мемлекетті алып отаршыл империяның құрсауынан қалайша қантөгіссіз және ата-баба жерінің тіпті алақандай телімін де қалдырмай босатып алудың барлық мүмкін жолын іздестірген. Мысалға, Әлихан Жалпы Сібір сиезінен кейін 1917 жылдың қазан айында, яғни Алаш автономиясын жариялаудан 3 ай бұрын «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласында: «Биыл жаздай болған комитет сайлауы, біздің қазақ өзін-өзі билегенде істеген істері көрсетіп тұр: іс атқаратын азаматтың аздығын, жалпы жұрттың қараңғылығын біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып, көшіп кетелік; жіп жалғап, зор мемлекет көрнеуінен (!) құтылып-ап, отау болып соңынан бөлінелік деп», - деп жазды.

Ал 1917 жылдың 12-18 қарашасы аралығындағы Құрылтай жиналысы сайлауының қарсаңында жариялаған «Қазақ депутаттары» атты мақаласында Қыр баласы - Әлихан: «Біздің іздегеніміз - Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар», - деп жазып, бұл жолы болмаса да, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ елінің өз тізгіні өз қолына тиетінТәуелсіздік алатынын болжап жазып кетті емес пе!

алаштанушы Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ

Дереккөз: abai.kz

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар