Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тілеухан артына із қалдырмай тазалап тастаған

05:03, 22 қараша 2023 174

Бекболат Тілеуханның соңғы сұхбатын үзіп-жұлып көріп шықтым. Құраншылардың лидері болған Асылбек Мусинді Сатыбалдының кабинетінде Бекболаттың ұрып жібергені өтірік енді. Мен білген Асылбек қарсыласына емін-еркін жұдырық сілтеткізіп қапыда қалатын жігіт емес еді. Асылбек о дүниелік болып кеткен соң, әркім әрнәрсені айта береді ғой... Бұл жерде Бекең аз-маз бөсіп жіберіпті.

Бекболаттың «Кәусар» қажылық фирмасының сотталып кеткен директорынан «ақша алмадым, тіпті оны танымаймын да» дегені де дөп тиген айыптаудан жалтарып кетудің амалы секілді. Оның бұлайша ақталуы, ақталуды «өллахи-біллахи» деп, Құран ұстап тұрып айтса да, Бекболаттың қулығын білетін жұрттың көңіліне сенім ұялатқан жоқ.



Бекболат Тілеухан соңғы сұхбатында сәләфизмге Қазақстанда тыйым салмайтынын және қазақ билігі сәләфизмге тыйым сала алмайтынын сенімді түрде айтты. Бекболаттың бұл сөзі - 100 пайыз ақиқат. Шындығында да, сәләфизм адамдардың миының ішін шырмап алатын діни идеология ғой. Анашаның түтіні сияқты ондай идеологияны уысыңа қысып ұстап алып, тұмшалап тұншықтырып тастау мүмкін емес. Сәләфизмді әдейі насихаттап жүрген қоғамдық ұйым немесе ресми тіркелген ақпарат құралы қазір Қазақстанда қалмады. «Халифа Алтай қоры», «әл Баракат қоры» және «Намыс.кз», «Шын.кз», «Жақсы.кз» сайттары қазір жоқ, бұл құрылымдарды әлдеқашан жауып, артында із қалдырмай тазалап тастаған. Мұндай жағдайда «Жоққа сот та жоқ» деп айтады.



Мәжіліс депутаттары Бапи, Заитов, Әлтаев секілді дауылпаздардың сәләфизмге тыйым салу жөніндегі айқай-сүреңі Таяу Шығыстағы саяси амбициясын күйттеген солтүстіктегі алып көршіге осы сәтте жағынып қалудан әріге баратын іс емес қой. Қақ бөлінген мынау әлемде Ақорда «біз сіз жақта» деп ресми Мәскеуді алдаусыратып қойды. Мұндай саяси ойынның қыр-сырын бұрын талай жыл депутат болған Бекболат Тілеухан да біліп отыр.



Оның үстіне, сәләфизм Саудия мен Араб әмірліктері ұстанатын ресми діни идеология. Қазақтың қызы хиджаб киіп, жігіті қауға сақал өсіріп, балағын кесіп тастады екен деп Ақорда сәләфизмге заң жүзінде тыйым салып, әлемдік саясатта елеулі рөл атқарып отырған Саудия және Араб әмірліктерінің ашуын туғызып, олармен қырғиқабақ болма алмайды ғой. Мұны да әккі саясаткер Бекболат Тілеухан біліп отыр.



Эх, бір қайнауы кем дүние-ай...

Ораз Әлімбек, фб

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар