Бұл жайында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры мәлімет таратты.
«Қазақ өнері мен мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. 72 жасқа қараған шағында театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Төлеубек Мұхамеджанұлы Аралбай дүние салды» деп жазды театрдың баспасөз қызметі Instagram парақшасында.
Төлеубек Аралбай 1950 жылы 18 наурызда Семей қаласында дүниеге келген. Өнерге құштар ол бала кезінен-ақ қаладағы Пионерлер Сарайының драма үйірмесіне қатысты. Оның өнердегі ең алғашқы ұстазы атақты режиссер И.Вишневский болды. 1964-1966 жылдары Семей облыстық музыкалық драма театры жанындағы студияны оқып бітірген соң театрдың қазақ тобына қабылданып, алғашқы рөлдерін орындады.
1970-1973 жылдары әскери борышын өтеген соң Қазақ Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түсіп, белгілі сахнагер Р.Сейтметовтің класынан 1975 жылы бітіріп шығады да, көркемдік кеңестің шешімімен қарашаңырақ театрдың актерлік тобына қабылданады.
Театр спектакльдеріне студияда оқып жүргенде-ақ қатысқан оның алғашқы рөлі О.Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасындағы Жігіт еді.
Содан бері өткен қырық екі жыл ішінде ол сахнаның үлкен шеберіне айналды.
Актер Т.Аралбайдың қазақ киносына да еңбегі сіңді. Әр жылдары түсірілген «Аждаһа жылы», «Шоқан Уәлиханов» (реж.А.Әшімов),, «Азиат» (реж.Л.Аранышева), «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай», (реж.С.Нарымбетов), «Рэкетир», «Ликвидатор» (реж.А.Сатаев) көркем фильмдерінде, сондай-ақ «Тоғысқан тағдырлар», «Саранча» (реж.А.Қарпықов) телесериалдарындағы рөлдерімен шебер актер ретінде жақсы танылды.
Актер, режиссер шығармашылығының елеулі бір қыры – ұстаздық. 1993 жылдан бері Республикалық Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде «актерлік шеберлік» пәнінен сабақ берген Т.Аралбайдың шәкірттері бүгіндері республика театрларында, өзге де өнер ордаларында жемісті еңбек етті.