Желіде Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменованың тойға қатысқан видеосы жария болды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«Бәсе» таратқан бейнежазбада Атырауда өткен қыз ұзату тойында құрметті қонақ болып, өңірдің жоғары лауазымды тұлғаларының ортасында тұрғаны байқалады.
«Сахнада Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрхат Уразбаев сөз сөйлеп тұр. Қасында Атырау әкімі Шәкір Кейкин, ал сәл арыда - облыс әкімнің орынбасары Марат Мұрзиев.Сол маңда облыстық мәслихат төрағасының орынбасары Мұса Хайрулиев те бар. Бір шаршы метрге - ондаған шенеунік пен күш құрылымдарының өкілдері.», -дейді Бәсе.
Еске сала кетейік, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Атырау облыстық соты бұл жайтқа қатысты үкімнің орындалуына қатысты мән-жайды еске салды.
– Үкімнің орындалуы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылған. Бұл шешім сотталушының асырауындағы 2 жас баласының болуына байланысты қабылданды, – деп хабарлады Атырау облыстық соттың баспасөз қызметі.