Бішкекте полиция қызметкері жасөспірімді қорқытып, одан ақша бопсалаған, кейін кәмелетке толмаған бала инсульт алған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы 24.kg сілтеме жасап.
Агенттіктің жазуынша, Юнусалиев және Сүеркулов көшелерінің қиылысында Қырғызстан ІІМ қауіпсіздік қызметінің жұмысшысы электронды темекі шегіп тұрған жасөспірімге жақындап, ақша талап еткен. Әйтпесе, ол кәмелетке толмаған баланы жауапкершілікке тартамын деп қорқытқан.
«Полицей қызметкері С.Б. жасөспірімді банкоматтан ақша алып, оған беруін мәжбүрлеген. Моральдық-психологиялық қысымның салдарынан жасөспірім есінен танып, құлап қалған. Полицей оны сол жерде тастап кеткен. Кейіннен кәмелетке толмаған С.Ю. ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Оған геморрагиялық инсульт диагнозы қойылды», - деп түсіндірді Бас прокуратура.