Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қызуқанды Маржықпаевтар спортқа келді

14:36, 04 қыркүйек 2023 153
Бірқатар облыстың әкімдері Үкіметке келді. Солардың бірі – Ермек Маржықпаев. Ақмола облысының кешегі әкімі бүгін Туризм және спорт министрі болып тағайындалды.

NEGE сайты «боксшы министр» мен оның «жуан жұдырық» бауырлары туралы қызықты дерек тапуыпты.

Е.Маржықпаевтың негізгі мамандығы педагог. Еңбек өтілін 1991-1992 жылдары орта мектепте дене шынықтыру, тарих пәндерінің мұғалімі болып бастаған. Бокстан спорт шебері.

«Алдыңғы арба» Ермек Боранбайұлы қалай жүрсе, «соңғы арбалар» – бауырлары да сол ізбен жүріп, бокстың төңірегін шиырлапты. Жәй ғана шиырлап қоймаған, министрдің бауырларының бірі Ерік МАРЖЫҚПАЕВ бірер жыл бұрын төрешіні ұрып, атын шығарған.



2017 жылы 25 қыркүйекте Қазақстанның бокс федерациясы сайтында «Бапкер мен боксшы Астанада төрешіні ұрғаны үшін қатаң жазаланды» деп аталатын ақпарат жарияланды. Онда былай дейді: «Астанада Қазақстанның бокс федерациясы кубогы үшін өтіп жатқан жарыстың ширек финалдық кездесуінен соң жеңіліп қалған боксшы Рахат Маржықпаевтың бапкері төбелес шығарғаны үшін спорттан шеттетіледі.

Бұл туралы ҚБФ Кубогы жарысын ұйымдастырушы Болат Абдрахманов мәлімдеді.

Айта кетейік, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Рахат Маржықпаев Жамбыл облысының боксшысы Аман Қазанғаповтан жеңіліп қалғаннан соң, оның бапкері Eрік Маржықпаев төрешіні ұрып, төбелес шығарды. Бұған оның шәкірті Рахат Маржықпаев та қосыла кеткен болатын».

Турнирде жеңіліп қалған Рахат Маржықпаев – су жаңа министр Ермек Маржықпаевтың немере інісі. Төрешіні ұрған Ерік Маржықпаев та министрге бөтен емес – бауыры.

Министрдің бауырынан «жұдырық жеген» Амангелді АҚШОЛАҚОВ AIBA-ның жоғары дәрежелі төрешісі екен. 1984 жылы өзі де Еуропаның және КСРО-ның чемпионы болған.

Боксшы Р.Маржықпаев пен оның әкесі әрі жаттықтырушы Е.Маржықпаев жабыла кеткен оқиға туралы төреші былай дейді: «Шынымды айтсам, мұндайды күтпедім. Менің тәжірибемде болмаған жағдай. Жаттықтырушы «екінші нокдаун болған жоқ» деп есептейді. Кейін ол менен кешірім сұрады. Адам ретінде оны да түсінуге болады, бірақ мұндай әрекет жазасыз қалмауы керек».

Осы оқиғадан соң министрдің бауырлары «қатаң жазаланып» бір жылға спорттан шеттетіліпті. Болған-біткені осы ғана.



Рахат Маржықпаев қазір боксты қойып, хоккейге түбегейлі ауысқан сыңайлы. «Барыс» хоккей клубының сайтында Р.Маржықпаевтың «Номад» клубында тағы бір маусым ойнайтыны жазылыпты. Несі бар, хоккейге де кейбір мәселені «жұдырықпен шешетін» тафгай (жуан жұдырық – ред.) керек-ақ.

Министр Ермек Боранбайұлының тағы бір бауыры Берік МАРЖЫҚПАЕВ та бокстың төңірегінде жүр. AIBA комиссиясының мүшесі, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған.

Қош, Ермек Маржықпаев әкімнің «шекпенін» министрдің кәстөм-шалбарымен ауыстырып киді. Енді Маржықпаев деген текке ие спортшылардың тасы өрге домалайтыны анық.

Ал «ұрда-жық» Маржықпаевтардан құқай көргендер қайтер екен? Министр оларды «босағадан сығалатып» қоймай ма?
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?