Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Маңызды оқиға! Орасан зор жұмыстың мойындалуы»: Мәулен Әшімбаев қуанышты жаңалығын жария етті

15:26, 28 қыркүйек 2026

Белгілі кәсіпкер, Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды, деп хабарлайды Alash.kz.

Экс-Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Тимур Турловты жаңа қызметімен құттықтап, желідегі парақшасында жазба жариялады.

Өз жазбасында саясаткер Тимур Турловтың FIDE президенті болып сайлануын Қазақстан үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Президенттің бастамасымен елімізде шахматты дамытуға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаудың нәтижесіне тоқталды. 

«Халықаралық шахмат федерациясын (FIDE) алғаш рет Қазақстанның өкілі –кәсіпкер және меценат Тимур Русланұлы Турлов басқарды! Бұл – еліміз үшін аса маңызды оқиға және Қазақстанда осы интеллектуалды спорт түрін дамыту бағытында жүргізіліп жатқан орасан зор жұмыстың мойындалуы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев соңғы жылдары шахматты дамыту мен кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Шахматты дамытудың Кешенді жоспары қабылданды, Қазақстан беделді халықаралық жарыстар өтетін алаңға айналды, балалар мен жастар арасында шахматқа деген қызығушылық артып келеді. Көп жағдайда дәл осындай жүйелі қолдау елімізде мықты әрі қарқынды дамып келе жатқан шахмат экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Бұл жұмысқа парламентарийлер де өз үлесін қосты. Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесіп, «Senat Open Cup» республикалық турнирін өткізіп келеміз. 2026 жылы ол еліміздің барлық өңірінен 8 мыңнан астам шахмат әуесқойын біріктіріп, шын мәнінде жалпыұлттық қозғалысқа айналды.

Тимур Турловты FIDE президенті болып сайлануымен шын жүректен құттықтаймын! Осы интеллектуалды спорт түрін халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілетуге, сондай-ақ еліміздің әлемдік шахмат қауымдастығындағы позициясын нығайтуға бағытталған барлық жоспарлары мен бастамаларын жүзеге асыруда табыс тілеймін!», – деп жазды Мәулен Әшімбаев.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар