Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған әскери қызметші Никита Удаловтың туыстары әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, оның әзірге орын алған жағдай туралы көпшілікке айтуға дайын емес екенін жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Әскери қызметшінің ағасы Instagram парақшасында арнайы жазба жариялап, жұртшылықты расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды. Туыстарының айтуынша, сарбаз қайғылы сәтте өз бетінше әрекет етіп, жағаға аман жеткен.
«Никита өзін-өзі аман алып қалды. Қайғылы оқиға кезінде ол бағдар тауып, жағаға жете алды және аман қалды. Қазір көпшілік оның мұны қалай істегені және нақты не болғаны туралы сұрақтар қоюда. Алайда ол әзірге бұл туралы айтуға дайын емес. Біз бұған түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бір күнде ұмыту мүмкін емес жағдайды бастан кешті. Қазір ол көпшілік алдына шыққысы келмейді, сұқбат бергісі келмейді және оқиғаның егжей-тегжейін айтуға дайын емес. Біз осыны құрметтеуді өтінеміз», — деді жақындары.