Астанада бұрынғы күйеуінің қолынан пышақталып қайтыс болған әйелдің өліміне байланысты марқұмның туыстары полиция тарапынан бұған дейін тиісті шара қолданылмағанын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 22 қыркүйек күні шамамен сағат 20:00-де орын алған. Ер адам бұрынғы жубайына шабуыл жасап, ауыр пышақ жарақатын салған. Күллі жұртты дүр сілкіндірген сұмдық оқиға салдарынан келіншек алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Күдікті бастапқыда қылмыс орнынан бой тасалап қашып кеткенімен, кейін полиция қызметкерлері оны құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қаза тапқан әйелдің ағасы Ельнур Адауов бұған дейін құқық қорғау органдарына бірнеше рет шағымданғандарын ашып айтты.
«Қанша арыздансақ та, бәріміз жүріп қорғай алмадық. Ақыр аяғы осыған әкеп соқты. Мен де қорғай алмадым, полиция қызметкерлері де қорғай алмады. Арыз-шағым бергеннен 1 ай көлемінде оны іздеп таппады. Ал кеше өлтіріп кеткеннен кейін 3-4 сағаттың ішінде бірден ұстады», — деді марқұмның ағасы Ельнур Адауов.