Халық Кеңесінің мүшесі, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин халықаралық inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскийдің үйлену тойына ерекше тарту жасап, сәйгүлік мінгізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ыстанбұлдағы жиында кәсіпкерге Барбарис есімді жеті жасар асыл тұқымды арғымақ сыйға тартылды. Сыйлыққа дән риза болған кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында өз әсерімен бөлісті.
«Тойға әдетте конверт сыйлайды. Ал Қазақстанда ат мінгізеді! Көп жылдан бері жеке көлігім жоқ, тек inDrive немесе жалға алынған көліктермен жүретін едім. Енді жеке көлігім бар. Тарифі: сәбіз бен алма», — деді Арсен Томский.
Еске сала кетейік, Арсен Томский тамыз айында Камила Луқпанова есімді қазақстандық бойжеткенмен шаңырақ көтеріп, салтанатты тойды Босфор жағалауында өткізген болатын.