Бүгін, 28 қыркүйекте қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан үш бірдей заңғар қаламгер – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезов бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ мекенінде туған. Семейдегі медреседе, бес кластық орыс мектебінде, сондай-ақ 1915–1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған ол семинарияда оқып жүріп 1917 жылы қазақ ұлттық драмасының қарлығашы саналған «Еңлік–Кебек» пьесасын жазды. Ал 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» әңгімесі мен осы пьесасы оның жазушылық дарынын танытты. Мұхтар Әуезов 15 жыл бойы «Абай жолы» атты төрт томдық тарихи роман-эпопеясын жазып, оның «Абай» аталған алғашқы кітабын 1942 жылы, екіншісін 1947 жылы жарыққа шығарды. Орыс тіліне аударылған бұл романның екі кітабы 1949 жылы 1-дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ал төрт кітаптан тұратын толық эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлықты иеленді. Әлемнің 30 тіліне аударылып, жоғары бағаланған шығарма авторы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. Жазушы 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін үкімет қаулысымен оның есімі Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына әрі Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына берілді.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Мыңбұлақ мекенінде дүниеге келген. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін 1955 жылы бітірген ол «Лениншіл жас» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінде тілші, әдеби қызметкер болып еңбек жолын бастады. Ол 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, кейін «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы және хатшысы қызметтерін атқарды. Ал 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болды, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты сайланды.
Шерхан Мұртазаның қаламынан «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, 4, 6 және 7 томдық таңдамалы шығармалар жинақтары, К. Смайыловпен бірге жазған «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (1998) мен «Бір кем дүние» (2008) кітаптары туды. Аударма саласында Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын, М. Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы», Л.Лагинның «Хоттабыч қарт» повестерін және Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын тәржімалады. Жазушының «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды, ал «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Құрмет белгісі», «Отан» (1999) ордендерімен, Тәуелсіз «Тарлан» және ПЕН-клуб сыйлығымен (2003) марапатталған.
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында туған. Ол 1976 жылы «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» жинағы үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Көрнекті жазушы 1993 жылы 17 мамырда Үндістанға жасаған шығармашылық іссапары кезінде Дели қаласында кенеттен көз жұмған болатын.