Қазақстанның оңтүстік-шығысында бір күнде екінші жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жерасты дүмпулері Нарынқол мен Кегенде сезілгенімен, зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ. 28 қыркүйек күні Астана уақытымен сағат 13:53-те ТЖМ Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 254 шақырым жерде екінші жер сілкінісін тіркеді. Есептік қарқындылығы Нарынқолда 2-3 балл, ал Кегенде 2 балды құрады. Дүмпуден кейін «Қазселеқорғау» мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін мен сел қаупі бар учаскелерді, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілерін тексеріп, ешқандай зақымданулар таппады. Объектілер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ТЖМ жағдайдың тұрақты екенін хабарлады.
Еске сала кетейік, осы күннің таңында сағат 09:38-де де жер сілкінісі тіркеліп, эпицентрі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан болатын. Қаладағы дүмпу күші 3-4 балл құрады. Мамандар бұл құбылысты фондық сейсмикалық көрініске жатқызып, Алматы болжау полигоны аумағында жойқын жер сілкінісі күтілмейтінін мәлімдеді.