Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Құлдырадық, телеарнаның бәрінде өңшең банда бездарных фанерщиковтердің құтырған шоуы" - Ерлан Төлеутай

17:18, 04 қаңтар 2025 1662
Белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай телевизиядағы талғам мәселесін сөз етіп, ерсі қылыққа барғандарды сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Жаңа жыл түнінде "бұрынғы әннен өзгерек" пе екен деп, ел телеарналарына темірдім. Өкінішке қарай "баяғы жартас – сол жартас" екен. Өзгерген түк те жоқ, сол отыз жыл бойы ұлттық һәм жалпы музыкаға деген талғамымыздың тас-талқанын шығарған қызылды-жасылды үлде мен бүлдеге оранған өңшең банда бездарных фанерщиковтердің құтырған шоуы қай арнаны ашып қалсаң да. Сол баяғы не сөзінің, не әнінің мән-мағынасы жоқ әнсымақтар, ол әнсымақтарын ойсыз көздері "шоқтай жанып" екі иықтарын жұлып жеп айтып жатқан әншісымақтар. Жасанды жымиыстар, өтірік күлкі мен жалған қол шапақтаулар. Әсіресе, әнші бикештердің жалғандық тұнған жүздеріне жасап алған жасанды қылықтарын айтуға еш келмейді. Бәрі шетінен жалған кірпік жалғап алған. Олары, бейнелеп айтқанда, көзін төңкерсе – жарты бетін жауып қалғандай, көтерсе – жарты маңдайы жоқ болып кеткендей болып, жапон желпуішінің қызметін атқарып тұр. Бәрінен де бір-бірімен ежелгі дүрдараздай дүрдиген еріндерін айтсаңызшы?! Тап бір жаялықтай ғой, жаялықтай! Шынында осыншама ісіндіріп егіп алған етектей еріндермен не істегелі жүр бұл шіркіндер. Оператор да (бәлкім пульттегі режиссер) бәле екен, камерасымен әлгі жұмыртқа тапқалы жатқан тауықтың көтеніндей көнтиген еріндерге төніп кеп қалады.
 
Сол кезде әртіс емес пе – бейкүнә түр жасап алған бикештер әлгі көнтиген дүрдік еріндерін жедел ыңғайлай қалып, камераны "өбіп" қалуға тырысады. Сол кезде әлгі көтен еріндер мына жақта эфир көріп отырған мені аймалап жіберердей сүйреңдап жетіп келеді. Еріксіз кірпідей жиырыласың. Өйткені әлгі рабайсыз ісірілген ауыздар сондай жиіркенішті! Осыны ескертетін, жөнге салатын аға буын телевизионщиктерден бір адам қалмағаны ма, телеарналарда?! Редакторлар неге жұмыс істемейді? Неге телеарна режиссерлері эфир эстетикасына мән бермейді? Тіпті эфир эстетикасы демей-ақ қояйық, (оны мақсатты түрде жойғалы қашан) қарапайым эфир мәдениетіне деген жауапкершіліктері неге осыншалықты төмендеп кеткен?
Кейіннен өнер иесі өзінің өмір тәжірибесін еске алды:
Сонау жылдары "Қазақ хандығын" түсірерде кастингтен өтеміз деп небір осындай жұлық қас, дүрдік еріндер келді. Біреуін де өткізбедік Өйткені әбден еге бергеннен еріндері жұмыртқасын туып болған мекиендікіндей жыртиып қалған. Әйтпесе, кезінде әп-әдемі ерін болғаны көрініп тұр. Сансыз уколдармен шабақтай бергендіктен, қыз күніндегі шиедей қызыл еріннің табиғилығы жойылып кеткен. Өстіп айтпайтын сөзді айтқызасыздар, қысқасы, ерін еркекті тартпайтындай боп, "өліп" қалған. Сөйтіп тек егілмеген, екпеден аман қалған тірі еріндерді ғана алып қалдық.
 
Түркістанда "Қазақ хандығын" түсіріп жатырмыз. Адам жетпей көпшілік сахнаға түсуге жергілікті тұрғындарды шақырдық. Дәмелілер келіп жатыр. Көбінің сақалы бар, мұрты жоқ. Жиып алып:
 
– Сендер қазақ емес, сартсыңдар, – деп бастадым бірден.
– Жоға, қазақпыз! – деп шу-шу ете қалды.
– Онда неге мұрттарыңды қырып тастағансыңдар? Сарттар осындай таз мұрт болады, ал қазақтың жігіті қияқтай мұрт қойып жүреді, – дедім.
– Ой, мұрт қойған болмайды ғой, сүннет емес қой ол, – дейді ішіндегі бір күйек сақал, таз мұртты.
– Онда барыңдар, боссыңдар, бұл қазақтың киносы, – дедім.
Әлгілер көңілсіз тарасты. 
Шамалы уақыттан қайта келе бастады. Түрлі-түрлі мұрт қойып алып келіп жатыр. Біреуінікі қияқтай, біреуінікі шалғыдай, енді бірінікі Сәкен Сейфуллиннің мұртындай... Өздері жымың-жымың етеді.
– Мұрттарың құтты болсын, қалай лезде өсіріп алдыңдар, – деймін, біліп тұрсам да жорта сұрап. (Гримерді жағалап жүргендерін көріп қалғанмын ғой)
– Есебін тапттық қой, – дейді.
Сөйтіп сүннет, шариғат бәрі далада қалды. Сүннетшілдіктерін киноға түсем деген "нәпсілері" жеңіп кетті.
 
Айтайын дегенім, әлгі көнтек ерін бізбикештерге неге осы тәрізді талаптар қоймасқа?
Жалпы, қыз-келіншектеріміз дүрдік ерінденуге неге осыншалық құмар болып алған.
 
Әлде олар мұндай егіп алған дүрдік еріннен жігіттердің жиіркенетінін, тіпті "жаман ойлайтынын" білмей ме? Әлде олар еркектердің өстіп "жаман ойлағанын" жақсы көре ме?
 
Еріндеріңізді неше жерден ексеңіздер де, тіпті "ат ерін, есек кірпік" боп кетсеңіз де, мұндай сиықсыз сұлулықтан сізге еш пайда жоқ, қарындас! Өйткені халқымыздың (жігіттердің деп түсінсеңіз де болады) қыздың ерніне деген эстетикалық танымының өлшемі мына халық әніндегідей: "Оймақ ауыз, күлімкөз, ғашық жардың сүйгені" яғни ерін оймақтай кішкене болуы шарт. Әйтпесе "Жайын ауыз, жапақ кірпік" деген сұлулық суреттеулері жоқ қазақ өлең, жырларында.
 
Сонымен қатар, Ерлан Төлеутай әнші Мадина Сәдуақасованың "Сен ем" деген ән шырқағанына қатысты ой білдірді:
Ерін дегеннен шығады, кешегі Жаңа жыл шоуында Мәдина Садуақасова "Сен ем" деген ән айтты. Өз көзіме өзім сенбей қайта үңілдім, иә, титрде "Сен ем" деп анық жазылып тұр. Дұрысы 'Сен ем" емес, "Сенем" болуы керек еді ғой. Ендеше неге "Сен ем" болып еріндік "қызметті" айтып тұр. Кімге, несін емізбек сонда? Бәлкім "Сен ем" деп сүйгенінің жанына ем екенін айтқысы келген шығар дейін десең, онда әннің аты "Сен емімсің" болуы керек еді ғой.
 
Қазақы ұғымға жат болса да, тұрпайы, дөкір болса да солай болуы керек еді. Жоқ, "Сен ем" дейді. Несін емеміз, қалай емеміз ойбай-ау! Бұлар көрерменді еметін сәби көре ме әлде? Осынысы енді қисынға келеді. Расында фанерщиктердің неше түрлі әнсымақтарын тыңдай-тыңдай ой-санасы әбден деградацияға ұшырап, рухани азғындыққа ұшыраған көрермен шынында да емшектегі сәби сықылды болып қалды. Бірақ сәби ана сүтін ғана емеді ғой.
Сонда қалай, қазақ көрермені не ұсынса да еме беретін, сорпылдатып сора беретін сорлы жағдайға жеткені ме?! Шынында да солай болып тұр. Өйткені адам санасының басты қарауыл-күзетшілерінің бірі – талғам өлді. Оны өлтірген осы фанерщиктер, оларды отыз жыл бойы осылай "бұлбұлдай" сайратып қойған жыл сайын мемлекет бюджетінен 50 миллиард қаржы алатын, осылайша, біздің аузымыздан жырып берген салығымызға жұмыс істеп тұрған телеарналар.
 
Ендеше, біз олардың жат құндылықтар мен азғындық уына толған искуственный мәмәсін неге еме беруіміз керек? Көрерменді бұлайша қорлау қашанға дейін жалғаса бермек? Айтыңыздаршы?! - деп күйінді Ерлан Төлеутай. 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар