Бүгін Ақтауда ұшақ апаты болған кезде ерлік көрсеткен тұрғындарға, медицина мамандарына, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға барлығы - 69 адамға Президенттің алғысы жарияланып, мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл туралы KazInform хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Солардың бірі, Түпқараған ауданы Аташ кентінің тұрғыны Эльмира Әкібаева ерлігі үшін Президенттің алғысымен марапатталды. Ол ұшақ құлаған кезде әріптестерімен автобуста кетіп бара жатып, көлікті оқиға орнына бұрып, құлаған ұшаққа бірінші жеткен. Жедел жәрдем келгенше жараланғандарды автобусқа отырғызып, алғашқы көмек көрсеткен.
- Құлаған ұшақтан жарақаттанған адамдар шығып жатты. Стюардесса мен борт проводникке көмектесіп, автобусқа отырғыздық. Сосын жарақаттанған қыз бала болды. Үстінде ақ күртешесі бар, 8-10 жас шамасында. Сол қыз баланың айтқан сөздері есімнен кетер емес. «Мені қоя беріңіз, іште анам бар, менің анамды құтқарыңызшы, - деп жылаған дауысы әлі құлағымда. Сол кезде мен қызды анаң тірі деп жұбатуға тырыстым. Балаға психологиялық көмек көрсеттім, - дейді Эльмира Әкібаева.