Алматы–Қорғас автожолында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты сот үкімі шықты. Апатқа кінәлі деп танылған бұрынғы полиция қызметкері Абылай Жарылқасынұлы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп жазады Alash.KZ
Сот сонымен қатар сотталушыдан марқұмдардың отбасына 29 миллион теңге көлемінде өтемақы өндіру туралы шешім қабылдаған.
Сот материалдарына сәйкес, 37 жастағы Абылай Жарылқасынұлы ауыр жол апатына себеп болған. Қайғылы оқиға 23 маусымда Алматы–Қорғас тасжолының 123-шақырымында тіркелген.
Тергеу барысында Haval көлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткені анықталған. Соның салдарынан ол Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Қатты соққыдан Audi жүргізушісі және оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Оқиғадан кейін қаза болғандардың туысы Гүлзана әлеуметтік желідегі жазбасында жол апатына себеп болған Haval жүргізушісінің бұрын полицияда қызмет атқарғанын айтқан. Сондай-ақ оның көлікті мас күйінде басқарғанын мәлімдеген.
Кейін жүргізілген сараптама бұл ақпаратты растаған. Медициналық тексеру кезінде жүргізушінің қанынан этил спирті анықталып, алкоголь мөлшері 3,3 промилле болғаны белгілі болды.
Жол апатынан бір отбасының үш мүшесі – 40 жастағы әйел, оның 41 жастағы күйеуі және 19 жастағы қызы қаза тапқан. Қайғылы жағдайдың салдары отбасы үшін ауыр болған. 19 жастағы марқұм қыздың артында небәрі 10 айлық Дильнара есімді сәбиі қалған.
Марқұмдардың жақындарының айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасының екі баласы мен бір немересі ата-анасыз қалған.
Сот осы істі қарап, бұрынғы полиция қызметкерін жол апатына кінәлі деп танып, оған 10 жылдық бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен бірге қаза болғандардың жақындарына келтірілген материалдық және моральдық зиян үшін 29 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.