Доп ойнаған озатын заман болды. "Атырау" футбол клубының жартылай қорғаушысы, конголық легионер Жоэль Каямба Қазақстан Премьер лигасында ойнайтын футболшылардың жалақысы туралы айтыпты.
"Қазақстанда футболшыларға төленетін жалақы еуропалық көп лигадағы жалақыдан артық. Басты айырмашылық – Еуропа футболында ақша маңызды емес. Ол жақта футболшылар дамуды және мықты чемпионатта ойнауды қалайды. Олар ақшаны ойламайды.
Ал Қазақстан футболында ақша тым көп. Егер сіз "ПСЖ", "Лион", "Марсель", "Монпелье" және басқа клубтарда ойнайтын болсаңыз, cізге көп ақша төленеді, бірақ сіз көп салық төлеуіңіз керек. Франциядағы тәуір клубтар ойыншыларына 40 мың еуро айлық төлейді.
Ал Қазақстанда Чемпиондар лигасына мүлде қатысып көрмеген, бірақ ойыншыларына 40 мың еуродан (қазіргі бағаммен шамамен 19 млн теңге) артық төлей алатын футбол клубтары бар", – деді Жоэль Каямба.
Конголық шабуылшы Жоэль Каямба "Атырау" клубының сапына биыл қосылды. Қазақстандық командамен ел чемпионатында 4 матч, ал кубоктық ойында 1 матч өткізді. Әзірге нәтижелі іс-қимылмен көзге түспеді. Ал "Атырау" футбол клубы Қазақстан Премьер лигасының 4-тур қорытындысы бойынша 3 ұпаймен 10-орында тұр.