Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Назарбаев пен Путиннің Мәскеудегі кездесуі жайлы пікір білдіріп, Қазақстанның экс-президентінің шетелге шығуын шектеуді ұсынды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Бұл не қылған сүмеңдеген жүріс?! Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма?
Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар. Қалай ойлайсыңдар, заңгер-депутат әріптестер, біз осындай заңға бастамашылық жасай аламыз ба?
Бұны сіздерден ерекше сұрап отырған себебім - Қытайдағы сияқты шетке шығуды шектейтін заң біздің елдің халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық конвенцияларға қаншалықты қайшы келуі мүмкін? Мәселен, біз депутат ретінде мұндай мемлекеттік құпиялық қажеттілікке мойынсұнуға мәжбүрміз.
Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?“,- деп жазды Мәжіліс депутаты Facebook парақшасында.