Астанадағы автобус аялдамаларының бірінен ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға 30 желтоқсан күні таңертең А-108 көшесінің бойында орын алған. Өтіп бара жатқан тұрғындар аялдамада ес-түссіз жатқан азаматты көріп, жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Алайда оқиға орнына келген дәрігерлер оның көз жұмғанын растады.

Әлеуметтік желілерде тараған марқұмның көктайғақта құлап, басынан жарақат алуы салдарынан мерт болғаны туралы болжамдарды елордалық Денсаулық сақтау басқармасы ресми түрде растаған жоқ. Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебін анықтау мақсатында тиісті тексеру амалдары жүргізіліп, мәйіт полиция қызметкерлеріне тапсырылды.