Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаңтар оқиғасына дейін және кейін...

12:38, 05 ақпан 2022 353
Менің өмірім қаңтар оқиғасына дейін және кейін болып екіге бөлініп кетті.

Мен терең депрессияға түстім. Қазақстан деген - үлкен жындыхана. Мен соның жалғыз пациенті сияқтымын.

Әрбір қаралы ақпарат мені езіп-жаныштап жатты.

Қаралы қаңтар кезінде әр үйден шыққан өлік менің үйімнен шығып жатқандай, әрбір қара жамылған оқиға менің шаңырағымда болып жатқан сияқты сезім кештім.

4-жасар өлген қыз — менің қызым сияқты. 15 жасар басының жартысын оқ жұлып кеткен жасөспірім қыз — менің сіңілім сияқты. Эсгумацияға қарсы еңкілдеп бейіт басында жылаған қария — менің әкем сияқты.

Таңертең тұрып әлеуметтік желіні ашып оқығаннан түн ауа оны әзер жабасың. Күніне ботадай боздап бірнеше рет жылайсың.

Бүкіл жүйке жүйең ширығып, атылатындай дәрежеге жетті. Жүрегім ауырып, әзер демалатын болдым. Әлім құрып, күш-қуатым жоғалды.

Ешнәрсе қуанта алмайды. Қайдағы қуану? Бір күнді жыламай өткізудің өзі мұң болды.

Барлық адамның ішінде «Ескендірдің мүйізі бар!» деген сыртқа шыға алмаған жан айқайы жатты!

Бұл оқиға бізге нені түсіндірді?

Біз – ешкім емес екенбіз! Біз – Қазақстан дейтін елді мекенде тірі аруақпыз. Елеспіз. Халық деген ұғым жоқ. Құлдың да қақысы бар. Ал қазақтың сол құл секілді де қақысы жоқ екен.

Сәбиді снайпер атқан. Яғни мақсатты түрде өлтірген. Оған тиген оқ - ұрыс даласындағы қаңғыған оқ емес. Дәлдеп атылған оқ! Миға сыймайды. Елестетудің өзі қорқынышты!

Яғни бұл соғыс жазығы жоқ 4-жасар періштеге жарияланды. Ол періште – қазақтың болашағы болатын.

Біз сендерді бесіктеріңде өлтіреміз дегені.

Бала емізіп отырған әйелді де снайпер атқан! Бір оқ басын тесіп өткен. Бұл соғыстың, яғни, жаппай ескертусіз атудың артында – алаңға шыққан әрбірің осы кепті киесіңдер! 4-жасар сәбиді де, бала емізген әйелді де аямаймыз!-дегені.

Қазақстанның Никарагуа мен Ауғаныстаннан айырмашылығы жоқ екен.

Мусор шығарып, не нанға бара жатқан жеріңнен сені ата салады. Сұрауың жоқ. Сот жоқ. Ешкім бұл өлімге әлі күнге жауап бермеді, жазаланбады.

Фейсбукте суреттері алдымнан шыққан барлық билік өкілдерін және оған лояльды журналист әріптестерді, үнсіз қалған барлық ақын-жазушыларды иттің етінен жек көріп кеттім.

Ыза мен кекке толы кеудем үйге сыймады. Түрмелерде адамдар азапталып жатқанда ішкен тамағың ірің, жегенің желім болады екен.

Астана көшелеріндегі алаңсыз күліп бара жатқан адамдарға қарап іштей қан жылайсың.

Бір ай бойы бас көтертпеген депрессия өз нәтижиесін берді.

Қызуым көтеріліп ауырып қалдым.

Адамзатқа қарсы, оның ішінде қазаққа қарсы үлкен қылмыс жасалып жатқанда әрбір үнсіз қалған адам - қылмыскер.

30-жыл бойы осы дәрежеге жеткізген – ол сіздің үнсіздігіңіз! Ол сіздің «жаны тәтті екіжүзділігіңіз»!

30 жыл бойы қорқыныш түрмесін жеңе алмағанымыз - бүгін арқамызға ыстық үтік боп басылуда!

Бүгін көбі ауызбен болса да қарсылық білдіруде! Бірақ бәрі емес. Бүкіл қазақ бір жұдырық болып жұмылғанда ғана бұл фашист режим күйрейді.

Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің тісін пласкогубцымен тірідей суырып жатқанда қызмет үшін, жан үшін үнсіз қалған әрбіріңді жек көретініміді мәлімдеймін!

Менің жек көру, жек көрмеуім ешқандай проблеманы шешпейді ғой. Ол тек өзімді ғана күйрететінін білемін.

Бірақ бір күні мусор шығаруға бара жатқанда сол жылмиған үнсіздігің мағдайыңа оқ болып қадалмасын. Ол кезде точно үнсіз тіл тарпай кетесің!

Танакөз Толқынқызы, ақын

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар