Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған апатқа байланысты бейнежазба жариялаған танымал блогер Әділетхан Молдаханның үстінен жүріп жатқан сот процесі мәресіне таяп, жарыссөз кезеңінде мемлекеттік айыптаушы оны үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Cотта жәбірленуші тарап ретінде танылған Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың мүддесін қорғаушы адвокат Асылбек Әбдірайымов та прокуратураның бұл ұстанымын толық қолдайтынын мәлімдеген. Сонымен қатар, жәбірленушілер соттан қосымша ретінде Әділетхан Молдаханға алдағы уақытта блогерлік қызметпен айналысуға мүлдем тыйым салу туралы арнайы өтініш білдірді.
Айта кетейік, Әділетхан Молдахан — Instagram әлеуметтік желісінде 1 миллионнан астам оқырмандар аудиториясы бар танымал блогер. Оның желіде кеңінен танылып, қоғам назарын аударуына Әл-Фараби даңғылында болған және үш бірдей адамның өмірін қиған қайғылы жол-көлік оқиғасы туралы жазбалары себеп болған еді. Сол кезде блогер аталған іске құқық қорғау органының, соның ішінде полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген мәлімдемелер жасап, соны алға тартқан болатын.
Жәбірленушілердің құқығын қорғаушы адвокат Асылбек Әбдірайымов сотталушының іс-әрекетіне байланысты өз уәжін былай деп жеткізді:
«Жәбірленуші тараптың пікірінше, сотталушының іс-әрекеті Ержан Ұзабаев пен Серік Шумаевқа моральдық және материалдық нұқсан келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне селкеу түсірді».