Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мектепке бара жатқан 7 жасар қызды қағып кеткен»: Атыраудағы қаралы оқиғаға қатысты үкім шықты

17:57, 01 шілде 2026

Атыраудағы BINOM мектебінің жанында бірінші сынып оқушысының өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша сот үкімі шығып, қайғылы жағдайға себепші болған жүргізуші екі жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы оқиға Нұрсая шағын ауданындағы әл-Фараби атындағы білім ошағының маңында, реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде болған. Мектепке бара жатқан жеті жасар қызды Toyota Hiace шағын автобусы қағып кеткен. Оқушы алған ауыр жарақаттарынан жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында көз жұмды. Белгілі болғандай, жүргізуші өткел алдына тоқтап, екі баланы өткізіп жіберген соң жолды бос деп ойлап қозғалысты жалғастырған, алайда бұл сәтте жолда үшінші бала бара жатқан.

Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, қаза тапқан қыздың отбасынан кешірім сұрады. Өзі де көп жылдан бері көлік тізгіндеп келе жатқан жәбірленуші тарап, яғни қыздың әкесі жүргізушіге ешқандай талап-арызы жоқтығын айтып, жаза мерзімін анықтауды соттың құзырына қалдырды.

Сот айыпталушының бұрын сотталмағанын, кінәсін өкінішпен мойындағанын, асырауында кішкентай балалары бар екенін және марқұмның әкесінің қатаң жаза сұрамағанын ескерді. Нәтижесінде кінәлі азамат екі жылға бас бостандығынан айырылып, бес жыл бойы көлік басқару құқығынан шектелді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар