Әскерде ауыр жарақат алып, кейіннен көз жұмған сарбаз Ербаян Мұхтардың ісіне қатысты Ішкі істер министрлігі екі жарым жылдан астам уақыт өтсе де тергеудің нақты мән-жайын жариялаудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz редакциясына сілтеме жасап.
Тілшілер Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, тергеудің қай сатыда екенін, іс бойынша күдіктілердің анықталған-анықталмағанын, материалдардың сотқа жолданған-жолданбағанын нақтыламақ болған еді. Сонымен қатар, Ербаян мен оның отбасына мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілгенін және ол қайтыс болғаннан кейін қандай төлемдер қарастырылғанын сұраған. Алайда, министрлік Ербаян Мұхтарға қатысты істің мән-жайын, күдіктілердің бар-жоғын және тергеудің қашан аяқталатынын ашық айтпай, бір ғана сөйлемнен тұратын қысқа жауаппен шектелді.
«Қазақстан Республикасы ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы әскери қызметшінің дене жарақатын алу мән-жайын тергеуді жалғастырып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Ербаян Мұхтар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Алматы қаласында орналасқан 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткерген болатын. Ол 2023 жылдың желтоқсан айында ауыр бас-ми жарақатын алды. Ресми таратылған нұсқаға сүйенсек, сарбаз дәретханада құлап, басын кафельге соғып алған деп көрсетілген, бірақ оның отбасы басынан бастап Ербаянның аяусыз соққыға жығылғанын алға тартып келеді. Осы оқиғадан кейін сарбаз алты айға жуық комада жатты, ал оның емі мен Түркиядағы оңалту шараларына қазақстандықтар шамамен 230 миллион теңге жинап берген еді. Алайда 2026 жылғы 23 маусымда Ербаян Мұхтар көз жұмды және оның жақындары дәрігерлерді салғырттық танытты деп айыптады. Жақында, дәлірек айтқанда 26 маусымда Астана жұртшылығы Ербаян Мұхтарды ақтық сапарға шығарып салды. Соған қарамастан, ауыр жарақат алған сәттен бері екі жарым жылдан астам уақыт өтсе де іс бойынша тергеу әлі аяқталмай, ІІМ күдіктілердің бар-жоғы мен істің сотқа қашан жолданатынын құпия ұстап отыр.