Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматылықтар жаңа Конституцияның күшіне енген күнді ауқымды концертпен атап өтті

11:20, 02 шілде 2026

Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында жаңа Конституцияның күшіне енген күнге арналған «Біз, біртұтас Қазақстан халқы..!» атты ауқымды концерт өтті, деп хабарлайды Alash.kz.

Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен мәдени іс-шараның негізгі мақсаты қазақстандық қоғамдағы бірлік пен қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеу, Конституцияның ел өміріндегі маңызын кеңінен насихаттау және тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау болды. 

Open-air форматында ұйымдастырылған концертте еліміздің танымал эстрада өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сахна төрінде «Абырой» тобы, Айдана Меденова, «КешYOU» тобы, Ziruza, «Алаш ұлы» тобы, Ерке, Раим, Садраддин және басқа да танымал әртістер патриоттық рухтағы шығармалармен қатар өздерінің үздік әндерін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Олар жиналған қауымды жаңа Конституцияның күшіне енген күнімен құттықтап, еліміздің бейбітшілігі, тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуіне арналған жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Кеш барысында жиналған халық алдында Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дидар Ділдәбек, Алматы қаласы Жастар қозғалыстарының жетекшісі Ермұхаммед Палмағанбетов, «G35» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының мүшесі Мариям Дуанбек, «Алашұлы» тобының солисі Мақсат Рахмет сөз сөйлеп, Қазақстан халқының ынтымағы, қоғамдық келісімі мен өзара құрметі – мемлекеттің орнықты дамуының негізгі кепілі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Конституция – еліміздің құқықтық негізін айқындайтын, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін басты құжат ретінде мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен демократиялық қағидаттарының берік тірегі екені айтылды.

Концерт соңында мыңдаған алматылық пен қала қонақтары сүйікті өнерпаздарының орындауындағы әндерді бірге шырқап, керемет атмосфераның ажырамас бөлігіне айналды. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы..!» атты концерт Конституцияның ел өміріндегі маңызын айшықтап қана қоймай, тұрғындарды ортақ мақсат пен ұлттық құндылықтар төңірегіне топтастырған жарқын мәдени кеш болды.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар