Семейде сыныптасына пышақ салды деп айыпталған оқушының ата-анасы істің әділ тексерілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Олардың айтуынша, қос оқушының арасындағы келіспеушілік қарапайым ойыннан басталып, соңы тоғайдан тауып алған қаруды бір-біріне сілтеуге ұласқан.
Дүйім елді дүрліктірген оқиға екі оқушы тоғайда велосипед теуіп жүргенде орын алған. Балалар ағашқа қадалып тұрған пышақты тауып алып, сонымен ойнап жүріп өзара керісіп қалған. Сыныптасын бірнеше жерден жаралады делінген 14 жастағы Дәулеттің сөзінше, қауіпті қарумен бірінші болып досы шабуыл жасап, өзін қорғау кезінде қолын тіліп алған.
«Ойнап жүріп тоғай жаққа кірдік.Тоғай жақта ағашқа пышақ қадалып тұрды. Ол пышақты ала салды. Сонымен ойнап жүрдік. Ол ұстап жүрді. Сосын ұрсысып қалдық. Күрестік, төбелесіп қалдық. Күрескен кезде пышағын тас па, цементке ме, қойып қойған. Төбелескен кезде пышағын алып шығып, маған өзі бірінші сұқты», — деді оқушы Дәулет.
9-сыныпта оқитын достардың арасындағы төбелес осылайша ушығып, ақыры тоғай ішінде екеуі де қанжоса болған. Алайда Дәулеттің әкесі ұлына тағылып отырған айыппен келіспейтінін білдірді.
«Менің балам ол балаға 15 рет пышақ салды деп жатыр. 15 рет салған жоқ. Ол арқасынан, қуып жүріп, жай тигізген. Жай ғана сызат ізі. Енді екі үлкен жарасы бар шығар. Менің ұлымда да бар ғой. Мойнына, жүрек тұсына пышақ кірген. Ұлым мына жерде пышақты ол баладан ала алмаса, оның жағдайы не болар еді?!», — деді Дәулеттің әкесі Төлеубек Жұмабеков.
Жанжалдан соң оқушылар пышақ пен ұялы телефондарын оқиға орнында қалдырып, жақын маңдағы тұрғындардан көмек сұраған. Дәулеттің ата-анасы ұлының қансырап есінен тана бастағанын көріп, бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер де екінші баланың денесіндегі жарақаттардың өмірге аса қауіпті емес екенін растады.
«Екінші бала сол күні қабылдау бөлімшесіне түсті. Толық диогностикалық ем жүргізілді. Оның үстінде, мойнында, кеудесінде терең емес пышақ жарақаттары болды. Ем шарасының бәрі жүргізіліп, амбулаторияға жіберілді», — деді Семей медицина университеті госпиталінің педиатрия жөніндегі директорының орынбасары Дулат Каримов.
Балалардың бұл әрекетін «балалыққа салынғандық» деп бағалаған ата-аналар бұқарадан оларды біржақты жазғырмауды сұрайды. Олар екі оқушының да айыбы бар екенін ашық айтты.
«Меніңше, екеуі де кінәлі. Бірақ Омар бірінші болып пышақпен шабуыл жасамағанда, мұндай жағдай болмас еді. Жай ғана төбелесіп, көгеріп-соғылып, үйіне қайтар еді. Ал Омар бірінші болып пышақ қолданғаннан кейін жағдай ушықты. Сондықтан екеуінің де кінәсі бар деп ойлаймын — Омардың да, Дәулеттің де», — деді Дәулеттің анасы Назигүл Жұмабекова.
Қазіргі уақытта екі оқушыға қатысты арнайы сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қорытынды шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.