Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өз отымен өзгенің жанын жылытқан жан". Ел белгілі журналист Бейсен Құранбекті еске алып жатыр

11:45, 18 мамыр 2024 1579

2020 жылдың 18 мамырында, таңертең, Талдықорған қаласында белгілі журналист Бейсен Құранбек ауыр науқастан қайтыс болған еді. Бейсен-ғұмырдың өнегесі, халқының игілігі, елінің мүддесі үшін атқарған адал қызметі халық жадынан еш өшпейді. Біз де Бейсен Құранбек жайлы естеліктерді топтап, оның тұлғалық биік болмысын айшықтайтын жазбаларды жинақтап отырмыз. 

Бейсен Құранбек 1971 жылы Алматы облысының Кербұлақ ауданы, Қызылжар ауылында туды. "Спорт" газетінде, "Рахат", "31 арна", "Хабар" телеарналарында және Президент телерадиокешенінде қызмет атқарды. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының бас директоры болды. 2014 жылдың қазан айында осы қызметке қайта тағайындалды.

2013-17 жылдары "Қазақстан" телеарнасында "Айтуға оңай" әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап "Қарекет" бағдарламасын жүргізген. Ол бағдарламаларында әлеуметтік мәселелері шеберлікпен талқыға салып, танымал тележүргізушіге айналды.

сурет: Бейсен Құранбектің қойындәптерінен 

Журналистің өзі де бір жазбасында халқының қадір-қасиетін таңбалап,елінің пейіліне алғыс айтты: 

Білу - бөлек , түсіну - басқа.

Жыл басынан бергі ішкі арпалысқа толы күндерімде, ұйқысыз түндерімде үш нәрсені тереңірек түсіндім...

Бірінші,

Ұстазым жиі айтатын "бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол- ниеттің, тілектің, батаның күші" деген сөздің рас екенін.

Екінші, халқымыздың "басты байлық - денсаулық" деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым.

Үшіншіден, бабаларымыз қалдырған "Байлық - қолға ұстаған мұз, Бақыт - басқа қонған құс, Бала - артта қалар із, бұл өмірдің қызығы - Сіз бен Біз" деген сөзінің тұтас өмірлік философия екенін, өмірдің мәні де, сәні де сыйластықта екенін әр клеткаммен сезіндім.

Менің ешқандай "заслугам" жоқ туған күнімде ақжарма тілегін ақтарған баршаңызға мың қайтара алғыс айта отырып, бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, денсаулықтың қадірін біліп, бір-бірімізді шын көңілмен құрметтей білейікші дегім келеді. Бар болыңыздар! - деп жазды журналист. 

Бейсен Құранбектің мәрт болмысы жайлы жазушы, қаламгер Дидахмет Әшімхановтың ұлы Дәулет Әшімхан төмендегідей естелікпен бөліседі: 

Жылдың басында кейбір жағдайларға байланысты басым салбырап, рухым түсіп, жүнім жығылып жүрген кезім еді. Адамның психологиясын нәзік түсінетін Бейсен ағам алыста жүріп мені сезсе керек, бірде өзі звондады:
- Дәулетжан, қалайсың? Сен мүлдем жоғалып кеттің ғой, маған келші, екеуіміз бір дұрыстап сөйлесейік, асылдың сынығысын, сені жақсы көремін, - дегені бар ма?! Ондай сөздерді жасыратыны жоқ ең ет жақын адамдарыңнан күтпейсін, содан несі керек бірден көңіл-күйім жадырап, бойыма қан жүгіріп шыға келді. Бірақ ойлап қоямын, өзімнің проблемам туралы ешкімге ештеңке айтпап едім, бұны қалай білді екен деп басым қатты. Сөйтсем ағам бәрін байқап, бәрін сезіп, бәріне уайымдап жүреді екен ғой. Сөйтіп Ағаға бардым, уақыттың таршылығына байланысты шер толғатып сөйлесе алмадық, бірақ Бейсен аға маған:
 
- Талдықорғанға келіп қонып қайтшы, екеуіміз түні бойы сөйлесейік, деді. Мен жарайды дедім, сонымен оның да реті келмеді. Әне-міне дегенше ағам тағы звондады:
- Дәулетжан, сағат 19:00-де Навои көшесінен жоғары осындай мейрамхана бар, сонда келші, ол жерге Санкт-Петербургтан Булат Амерханов деген жігіт келген. Тренинг өткізеді, бұл тренинг басқа тренингтер сияқты емес, мүлде басқаша және саған көмектеседі, - деді. Жарайды деп шауып жетіп бардым. Жиырма шақты адам жиналған екен, кейін әңгіме барысында білдім Бейсен аға ол кісі келгісі келмесе де, табандылықпен шақыртып алған екен. Мен сияқты 20 адамға көмектесейін деген ойы ғой. Қысқасы мен екі күн қатысып, көзім ашылып, езіліп жүргенімнің барлығы өзімнен екенін түсіндім. Өмірге тіпті басқаша қарайтын болдым. Бүкіл проблеманың барлығы өзімізден және өзіміз себепкер екенімізді түсіндім. Соның бәрі Бейсен ағамның арқасында. Сол екі күнде бүкіл іштегі қойыртпақтың барлығы сыртқа бықсып шығып, сол қатысқан 20 адаммен туған туысқандай боп кеттік. Ең қызығы соның ішінде Бейсен ағам да бар. Өзінің танымалдығына қарамастан барлығымызбен бірге қатысып, өзінің ішкі проблемаларын да айтқан кезде таң қалдым. Бізде көп белгілі адамдар іштегісін жасырып, лом жұтып қойған кісідей мұздай боп жүреді ғой, Бейсен ағамыз болса мүлдем басқа! Міне осындай ағамның кей кезде ауырып қалғанын естіген кезде амал жоқ "Осы Құдай бар ма?" деп қоямын!
Әрине Құдай бар және ол Бейсен ағаға оң көзімен қарайды!
 
Ақын Ерлан Жүніс "Бейсен болмысы" жайлы тереңінен толғап, айрықша тебіренеді:
Жанып тұрған шырақ іспетті жақсы адам, өз жарығымен көңіл қараңғысын сәулелендірер, өз отымен өзгенің жанын жылытар, қанша адамды қанаттандырар, қуаттандырар, қарекетке бастар, басын көтертер, бағдар көрсетер, өмірдің өз нұры. Адамдарды жақсы көруге, адамдардан тек жақсылық іздеуге шақыратын көркем жүрек иесі.
Белгілі журналист Серік Әбікенұлы Бейсен Құранбек өмірінің соңғы күндерінде болған оқиғаларға назар аударып, мәңгі өмірінің басталғанын баяндады: 
 
Бейсен (марқұм)ауырып жатқанда біреулер жиі-жиі жалған ақпарат таратты. Ең әуелі бір жігіт “Б.Құранбек қайтыс бопты” деп елді шу еткізді. Жұмыста отырғанбыз, аккаунты арқылы жабыла іздеп, әлгі жігітті тауып едік “ойбай, кешіріңіздер, жалған ақпаратқа сеніп қалыппын” деп жазбасын алып тастады.
 
Одан бірде Нұрлан апаның үйіне барып, сонда ем қабылдап жатқан Бейсекеңмен бір-екі сағат әңгімелесіп үйге келе жатыр едім телефон шыр етті. Інісі Сәрсен. “Аға, рас па?” дейді даусы дірілдеп. “Не рас па?” Мен Бейсекеңмен сау бол десіп көлікке отырғалы жарты сағаттың шамасы шығар, сол аралықта біреулер әлеуметтік желіні шулатып жіберіпті. Сәрсен ұшақтан түсе сала әлдекімдер қосылған телефонға қоңыраулатып, көңіл айтып үлгеріпті. Өтірік, тірі, - дедім. Уһ!. Көлікті жол бойына тоқтатып, інісіне де, уатсапқа жазып жатқан біраз адамға да жалған ақпар екенін түсіндіруге тура келді...
 
 Біреулер атақты ұлдың атынан хайп жасады, біреулерге ол кетсе өзіне ел мейірінің бір тамшысы бұйыратындай көрініп тағатсыздана күтті. Қай ортада да осы бір жайсаң ұлға бар ықылас ауып кететінін көп адам көтере алмайтын. Содан қауесет қаптайды. Құласа екен деп жарты жыл шұқыған құзғын-пейілді көріп жүру де, қарсы тұру да қорқынышты екен. Бұл пиғылдың бір сұрауы болатын шығар деп күйінетінбіз.  Бейсен жүрегі 18- мамырдың таңында, осыдан 4 жыл бұрын тоқтады. Қауесет таратушылар тасада қала берді, ал Бейсекеңнің мәңгі өмірі басталды. Шәкірттер тұлғасын зерттеп, оның есімін иеленген ғимарат орталықта ел игілігіне қызмет етіп тұр. Жақсыдан шарапат деген сол болар. Жатқан жерің жайлы болсын, бауырым! - деп жазды.
 
 
 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар

Сирия үшін дау

20:41, 07 желтоқсан 2024 254