Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, бұрын марқұм Болат Назарбаевпен байланыстырылған «Барыс» базары аумағына қатысты жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару процесі әлі де жүріп жатыр. Бұл туралы Alash.KZ хабарлайды.
Әкімнің айтуынша, аталған аумаққа қатысты сот талқылаулары толығымен аяқталған жоқ. Осы уақытқа дейін 11 гектар жер мемлекетке қайтарылған.
«Қалған жер телімдері бойынша прокуратура жұмыс жүргізіп жатыр. Жер бірнеше мәрте қайта сатылған. Сондықтан келісімшарттарды жарамсыз деп тану мәселелері қаралуда», – деді облыс әкімі.
Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, аталған аумақтағы инфрақұрылым біртіндеп жаңартылып келеді: жол бойына инженерлік желілер тартылып, асфальт төселген. Болашақта бұл аймақты индустриялық аймаққа айналдыру жоспарланған.
«Онда халық көп шоғырланғанын ескере отырып, тігін фабрикалары мен басқа да өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар», – деді ол.