Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Оралмандардан неге Президент шықпайды?

07:58, 15 желтоқсан 2022 262
Орыс отаршыларының кесірінен дүниеге тарыдай шашырап кеткен қазақ жұрты тәуелсіздіктің арқасында осыдан 30 жыл бұрын атажұртта бас қосып, дүниежүзілік алғашқы қазақ құрылтайы өтті. Артынан ол республикалық деңгейдегі қоғамдық ұйымға айналды. Нәтижесінде қара шаңыраққа миллионға жуық қандас оралды. Бұл факт тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жақтастарының мықты аргументіне айналды.

Десе де Назарбаев кезінде шетелдердегі қандастарға қатысты көші-қон саясатының әр жылдары әр қалай құбылғанын атап өткеніміз жөн. Кезекті бір құрылтайда Өмірхан Алтын ағамыз Қытайдағы қазақтар мәселесін көтергенде, тұңғыш президент әлемді алаңдатқан мәселені білмейтінін айтып ақталса, орынбасары Зауытбек Тұрысбек мырза да оның сөзін қайталады.

Айтып-айтпай Дүниежүзілік қазақ қауымдастығы отыз жылда саяси салмағы бар ұйымға айнала алған жоқ, мәдени бірлестік деңгейінде қалды. Оған көз жеткізу үшін Қазақстан халықтар ассамблеясымен салыстырсақ жетіп жатыр. Назарбаевтың талай президенттік додаларда шаппай бәйге алуына мұрындық болған аталмыш ұйымның Парламентте: Сенат пен Мәжілісте өздеріне тиісті квотасы, өкілдері бар.

Қытайдан келген белсенді, көзі ашық азаматтар күні бүгінге дейін Үкіметтің көші-қон мәселесіне ұсыныс берумен ғана шектеліп, сыртта қалып жүр.

Жақында кезекті рет Президент сайлауы өткені белгілі. Сайлауға байланысты өз ойын білдірген қаламы қуатты Қайнар Олжай ағамыз былай деп жазған еді: «Конституцияда «туғанда Қазақстан азаматы», түсінікті тілмен айтқанда Қазақстанда туғандар Президент болатыны жазылған.

Бізге ара-тұра телефон соғып, Тоқаевпен қол алысып тұрған фотосын қойған ватсаптан хабар жолдайтын Ауыт Мұхибек замандастың Президент бола алмасына бұрыннан өкінетінбіз. Өзінен де бар, Тоқаевтың қолын алып тұрғанда «мына кілтипанды реттей салыңыз» дей салмаған.

Немесе Монғолиядан тілі шықпаған сәби кезінде келіп, мектепті Қарағандыда оқыған, Астанада университет бітірген, сонау Римге барып білімін жетілген Ержанар Әшейхан бауырымыз да ата-анасы аңсап жеткен Қазақстанның Президенті бола алмайды.

Немесе журналист ініміз Нұрділда Ораз АҚШ-та оқып жүргенде сол жақта сәбиі дүниеге келген. Ол бала осында ата-әжелерінің қолында өсетін болса да, болашақта Қазақстан Президенті атана алмайды.

Әрі қарай кандидаттың табағына іліге алмағандардың екінші тобы пайда болды. Олар 5 жыл мемлекеттік қызметте істемеген екен. Бір ғажабы: бұл талап Конституцияда көрсетілмеген, тек «Сайлау туралы» заңда белгіленген болып шықты.

Құдай-ау, бұлар президенттік мансапты 1941 жылы Москваны фашистерден қорғағаннан бетер қорғапты. Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы соғысқан заманда жауды өткізбеу үшін бірінші шептен кейін екінші шеп жасап қоятын. Тура соның кері».

Назарбаев кезінде «Оралманнан да депутат шығуы керек» деген әңгіме айтылып, Тоқаев кезінде шеттен келген қандастарға жол ашылған. 2021 жылғы Парламент сайлауы қарсаңында Бахаргүл Төлегенқызы «Ауыр партиясының», Рақым Айып «ЖСДП-ның», Дүкен Мәсімқан, Тұрсынхан Закон, Ауыт Мұқибек «Нұр Отанның» партия ішілік іріктеу кезеңінде бақ сынаған. Олардан тыс өзгеше ой қосып, саяси, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген алғашқы көші-қон заңының жызылуына ат салысқан Алмас Ахметбек, қазақ-қытай мәселелерін зерттеумен терең айналысып жүрген Омарәлі Әділбек, Нәбижан Мұқаметхан ағаларымыз да бар.

Өтіп бара жатқан жыл қазақ елі үшін саяси өзгерістерге толы жыл болды. Үкіметтің көші-қон саясаты тағы да өзгерді. Билікте қандастар мәселесін саяси деңгейде бағамдай алатын кадрлар баршылық деп айта алмаймыз. Қөші-қон мәселесі – жалаң шетелдегі қазақтар тағдырына қатысты түйткіл емес. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайдағы тәуелсіздігімізге, елдігімізге, мемлекетіміздің келешегіне байланысты тағдыр шешті салмағы бар мәселе. Бұдан отыз жыл бұрын Маскеуге бет алған орыс көші жерімізге қайта ат басын бұрып отыр. Экономикамызды көтеру үшінде еңбек күш керек. Орыс пен Қытайды айтпағанда Өзбек өз ағаларымыз 35 миллионнан асып, жылына миллион адамдық өсім көрсетіп отыр.

Қорыта айтсақ, көші-қон мәселесін, қандастар мәселесін саяси деңгейде шешетін уақыт жетті. Алдағы Парламент сайлауында жоғарыда аты аталған ағаларымызға мүмкіндік беріліп, атын «Халық» деп өзгерткенімен заты өзгермеген коммунистік партия өкілдерінің орынын басуы керек деп санаймыз. Сонда қазақстанның саяси бейнесінің жаңарғанына көз жеткізер едік.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар