Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Желтоқсанды билік аяусыз басты. Жастардың мысы басылды. Оған кейбір қазақтар риза болып жүрді. Шолақ белсенділердің күні туды

08:50, 15 желтоқсан 2022 261
Сексен алтының желтоқсанында мен ҚазМУ-дың филфагында сыртқы бөлімінде оқитынмын. Тұрақты жұмысым құрылыс. Жандосов пен Жароковтың қиылысында «Дружба» деген қатар орналасқан екі жатақхана болды. Сонда тұрдым. Жұмысшылардың жатағында  шатақ көп. Екі күннің бірінде өздері шекісіп, ашуларын  тек жұдырықпен ғана шешуді білетіндердің қасында қыздар (сылақшылар) жоқ, бөлек басқа жақта тұрады. Жатақтың кіре берісінде  қырағы күзетшілер еркектердің бөлмесіне еркектердің өзін тергеп зорға жіберді. Үшінші разряд бетощикпін, күнделікті жұмысым ішіне сырық  темірлерден, қаңқа байлап құйма тасқа қалып құрамыз немесе дайын құйылып келгендерін  аспан тіреген  крандардың көмегімен «Майна-Вира» деп ғимаратты құраймыз. Кеңес кезіндегі құрылыс өте баяу жүреді. Алмагүл  шағынауданындағы екі  қабатты сауда үйін екі жыл салдық. Қазіргі құрылыстың салыну қарқынына таңқаласың. Дым жоқ жерден екі айда таудай ғимараттар өсіп шығады.

1986 жылдың 17 желтоқсанында кешке жұмыстан келіп, бөлмемде жатқам. Мединституттың фармфагында (дәріге қатысты мамандық) оқитын сыныптасым Жақсыбеков Жексенбек келді. «Бүгін сабақтан кейін алаңға бардық, жастардың бәрі сонда, кеттік»,- деді.

Кеш батып кеткен уақыт. Астындағы асханадан ішке ел қондырып алып, алаңға тарттық.  Онда кісі  онша көп емес екен. Бағана түстен кейін  алаң толып тұрған дейді Жексенбек. Сол күн ызғарлы, түн тіпті суық боп тұрды. Күні бойы тұрған жастар тоңып, біразы кешке қарай қайтып кеткен болар. Қазіргі тәуелсіздік монументі тұрған жер мен трибунаның арасындағы жерде жастар еркін іштегі айғайларын шығарып, қосылып ән салып, бейбіт түрде дуылдап тұрды. Бізді ешкім шектемеді. Тек трибунаның екі жағында Үкімет үйіне баратын жолды бөгеп қатар қатар тізілген сақшылар (мелітса) тұрды. Олар әрекетсіз жастардың қимылын тек қалшыйып бақылаумен болды. Күні бойғы алыс- жұлыстан шаршаған болуы керек немесе бұйрық солай берілген шығар. Трибунаның алдындағы жолдан анда санда айғайын қосып жедел жәрдем мәшіндері өтеді. Оларға ешкім кедергі жасамайды. Түн болса да алаң жап -жарық. Бір кезде Фурманов жақтан өрт сөндіруші мәшін шықты да, бері қарай жүріп еді,  жастар толқып, оған қарай қозғала бастады. Мұны көріп су шашпақ тұрмақ, жанымен қайғы боп, жылдамдығын арттырып жастар жолды бөгегенше зуылдап алдымыздан өте шықты.  Одан қайтып бұнда жоламады. Бір кезде дәл сол Фурманов жақтан батысқа қарай сары Пазик автобус көрінді. Өрт сөндіруші мәшіннен қапы қалған жастар  оған қарсы лап қойды. Қатты жылдамдықпен өтіп кетемін деп ойлаған жүргізуші жолға шыққан жастарды көріп трибунадан өте сала солға қарай бұрып жіберіп, жолдың шетіндегі шыршалардың біріне соғылып тоқтап қалды. Ішіндегі адамдар түсіп Үкімет үйіне қарай қашты. Қанша адам болғанын байқай алмай қалдым. Бұл қайдан жүрген көлік екенін де ұқпадық. Мүмкін жұмысын бітіріп, паркке қайтып бара жатқан, бұған түк қатысы жоқ жұмысшылар да болуы мүмкін.   Шалт қимылдап беттері алаулап, күшейіп  алған жастар автобусты сол сәтте төңкеріп тастап, тоқтау салғандарға қарамастан бактан бензин алып ішіне от қойып жіберді. Бірден бізге таңсық картина пайда болды: Үкімет үйін күзетіп мізбақпай сақшылар тұр, автобус өртеніп жатыр. Қиқулаған жастардың айғайы. Ал көше болса тып-тыныш. Бейсуыт жүрген бір пенде жоқ. Сол кезде ППМ-дер болушы еді, көшеден бұзақы, мас жинайтын. Ондай сары жолақ көліктердің аты да көлеңкесі де жоқ. Көшеде тек жастар. Сол 17 желтоқсанның тыныш түніндегі еркіндік кей жастарды еліртіп аздап терезе қирап, мәшинелер төңкерілгені  анық енді. Со күні кешке біз көшеде масайрап жүргенде билік сырттан  көп әскер, техника алдырып, ертеңге тастүйін дайындалып жатқанын қайдан білейік. Мәскеуден жиырма шақты генерал ұшып келіп, сырттан әскери техника тартылған екен. Сол түні көтерілісті басу үшін «Құйын» («Метель») операциясын жүзеге асырудың бүге-шегесі талқыланып, оның штабына Мәскеуден келген Кеңес Одағының КГБ төрағасының орынбасары Ф.Д. Бобков бастаған 18 генералдың ішіне Қазақ КСР-ның Бас прокуроры Ғ.Б. Елемесов, Қазақ КСР ішкі істер министрі Г. Князев, республикадағы Қазақ КСР КГБ-ның бастығы В.М. Мирошник және су жаңа Бас хатшы Г.В. Колбин кірген екен.

Ал біз сөйтіп улап-шулап жүргенде түннің бір уағы болды. Тұра береміз бе, жатпаймыз ба дегендей, қаланың батыс бөлігіне жылжыған бір топ жастар көшені бүлдірмей бір-бірімізге тәк-тәк айтып әндетіп жатақтарымызға тарастық.

18 желтоқсан күні түк білмегендей жұмысқа шықтым. Нағыз майдан алаңда сол 18-і күні болған екен. Кешке жатақта «бүгін алаңда  жастар мен  күштік құрылымдар арасында үлкен қақтығыс болды. Ертең тағы  шығамыз. Біздің бұған қатыспағанымыз ұят» деген сияқты әңгімелер  жүрді. Екі жатақтан (Дружба 1, Дружба 2) 30 адам ертең жұмысқа емес, алаңға барамыз деп серттестік. Ол туралы ресми құжаттарда: «19 желтоқсанда «Дружба» жатақханасынан «Культбытстройдың» 30 адамы жұмысқа шыққан жоқ» деп жазылған. [Желтоқсан. Декабрь. 1986. Документальная хроника/ Құраст. Б.Әбдіғалиұлы. – Алматы: «Арыс», 2021. – 880 б.]

Мұндай кеш қозғалғандар тек біз ғана емес едік, Қаскелең ауданындағы Шамалған гидромелиоративті техникумының білім алушылары (барлығы 450 адамның ішіндегі қазақ ұлтты 200 адамы) сағат түнгі 200-де техникумде жиналып, Алматының студенттерін қолдауға бағытталған үндеу парақтарын таратып, сағат таңғы 600-де Алматыға жаяу шыққан, бірақ дружинниктердің күшімен оқу орнына қайтарылған.

Дәл сондай талпыныстар Қарғалы кооперативтік техникумының білім алушыларының  (70 адам) тарапынан да болған. 18 желтоқсан күні сағат 1500-де Талғар сельхозтехникумы мен ПТУ-дың білім алушылары Алматыға қарай жолға шыққан, олар да қайтарылды.

Түрлі деректер бойынша 18 желтоқсан күні Алаңға 60 мың адам жиналған. Бірақ сырттан әкелінген күштік құрылымдар бейбіт тұрғындарды аяусыз басып  жаншыған, сағат түнгі 1200 –де алаң түгел босатылған екен. Одан еш хабарымыз жоқ. Отыз жігіт Жандосов пен Жароковтың қиылысынан сап түзеп алаңға қарай жылжыдық. Біраз жүргеннен соң, бір  мелітса мәшіні (Жигули) пайда болды. Сәлден соң әлгі мәшіндер екеу-үшеу-төртеу болды, біз үнсіз басып алаңға бет алып келеміз. Бастаушыларымыз «көңіл аудармаңдар» деп қояды. Қалай көңіл аудармайсың, жан-жағың түгел мелітсаның мәшіндері, тұтқынға түскен солдаттар құсап, алды- артымыз түгел қоршауда саппен жылжып келеміз.  Қазіргі он екінші аурухананың тұсынан өте бере алдымызға шеп құрып, мұздай қаруланып тұрған әскер қоршап алды. «Біз фашистерді де жаншып тастағанбыз. Сендер солардан зор емессіңдер» деп күштеп бір-бірлеп автобустарға тыға бастады. Фрунзеден, Ташкенттен, Уфадан, Новосибирсктен әкелінген әскер құрамдарының бірі болуы керек. Бізге деген өшпенділігі аса зор енді. Айт десе қырып салайын-ақ деп тұр.

Бізді сол кезде  Целлинныйдың қасындағы «Советский РОВД» болуы керек, сонда әкеп түсірді. Автобус пен кіретін есікке шейін екі жақта тізіліп қолдарында дубинкасы бар еңгезердей солдаттар тұрды. Көліктен түскен бойда қолдарыңды артқа ұстаңдар деп қылмыскерлерді зонаға әкелгендей орысша айғайға басты, орындамағандарды дубинкамен білектеріне салып қалады. Тастай екен, бір екеуі маған да тиіп кетті. Бәрімізді іште отырғызып қойып екі қазақ – еркек пен әйел, екеуі де офицер кезек-кезек лекция оқыды. Сұрақ жауап түрінде еш қысымсыз әңгімелесіп, кеш батқанша со жерде отырдық. Шетімізден тергеушіге апарып жеке-жеке сұрақ алды. Қылмыскерлерді суретке түсіргендей алдынан қырынан суретке басты. Кешке босатып қоя берді. Кейін бәрімізге сот үкімі келді. Кей жігіттер 15 күнге жатып шықты. Мен 50 рубль айыппұл төлейтіндер қатарында болдым. Елге жұмысшы керек, студенттерді оқудан қуғандай ешкімді жұмыстан қумады, тіркеу картасына жазып тұрып комсомол мүшесі ретінде тек сөгіс берді.

Сол күндері 2281 адам ұсталды (отыз жігіт осы тізімде), оның ішінде 873-і студент, 1171-і жұмысшылар мен қызметкерлер, 39- жұмыссыз жастар, 23 КПСС мүшесі, 1194  ВЛКСМ мүшесі. Медициналық мекемелерге 602 адам жеткізіліп, 178-і ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 71-і ұсталған жастар, 137-і әскерилер мен милиция қызметкерлері. 14 адам ауыр хал үстінде болған. Оның бірі – 18 желтоқсанда сағат 1230 –да №2 қалалық аураханаға жеткізіліп, 19 желтоқсанда сағат  530-да жан тапсырған телецентр инженері, дружинник С.А.Савицкий (Қайрат Рысқұлбековті осы кісінің өліміне кінәлісің деп айыптады ғой). 51 автокөлік пен 6 сауда орны қираған. [Желтоқсан. Декабрь. 1986. Документальная хроника/ Құраст. Б.Әбдіғалиұлы. – Алматы: «Арыс», 2021. – 880 б.]

Желтоқсанды билік аяусыз басты, жастардың мысы басылды, оған кейбір қазақтар риза болып жүрді, шолақ белсенділердің күні туды, кімнің кім екені анық көрінді ғой сол кезде. Күштік құрылымдар құтырып, есіріп кетті, көшеде екі адамнан артық жүруге, көп адам жиналуға тыйым салынды.

Қаңтарда сыртқы бөлімнің қысқы сессиясына жиналған төрт-бес жігіт көшеде кетіп бара жатыр ек, сақшылар тоқтатып әскерде жүргендей түймеленіңдер, екіден артық жүрмеңдер, неменеге даурығып сөйлейсіңдер – деп қатаң ескерту берді. Құдды бір фашистер жаулап алған елде жүргендей сезіндік өзімізді, қатты қорландық. Бірақ көп ұзамай басқа одақтас республикаларда (Беларусь, Эстония, Украина, Грузия, Тәжікстан, Молдова, Әзербайжан) Кеңестік жүйеге қарсы бас көтерулер басталып, соның ақыры тәуелсіздікке әкелді. Біз со кездегі жастар мақтануға да, мақтауға да лайықпыз. Тәуелсіздікті әкелген бізбіз және бүкіл он бес республиканың ішінде алғаш тоталитарлық режимге сескенбей бас көтерген де біз – сол кездің жастары.

Қазақ алғыр! Орыстың шырмауынан кезінде Кенесары боп бұлқындық, бүкіл Азияны ертпек болдық, Алаш болып та алғаш жұлқындық. Түркіні түгел қосып алмақ болдық. Бұғалыққа сыймадық, Оспан батыр боп айға шауып мерт болдық. Барлығында бір мақсат, жалғыз мұрат – еркіндік, бостан болу. Көк бөріміз! Құл болу бізге жат. Еркіндік қанымызда бар. Тарпаң, жылқы мінездіміз, тегіміз сондай.

Бұл заман жастарды материалдық құндылыққа ғана тәуелді етіп, биологиялық қажеттілігін өтеудің ғана шегінде илеп отырса да, намысты жас ешқашан үкіметтен алаңға пұл сұрап шыққан емес. Ал тіл сұрауды бастады, енді қаңтарылмайды, қайтпайды, бұрнағыдай қаһарлы...

Бижомарт Қапалбек
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар