Белгілі продюсер Баян Мақсатқызы депутаттыққа үміткер ретінде сынға ұшыраған жиені Аша Матайды қорғап, қоғамдағы теріс пікірлерге қатысты жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иелерінің саясатқа араласуын сөкет көргендерге жауап берген продюсер өзге сала өкілдері сияқты әртістердің де халық қалаулысы болуға толық құқылы екенін жеткізді.
Баян Мақсатқызы: «Заңгер, мұғалім немесе дәрігер халық қалаулысы болғанда, неге өнер адамына олай етуге болмайды? Басқалардан заң мен бюджеттің қалай бөлінетіні сұралмайды да, неге бұл сауалдар тек мәдениет өкілдеріне қойылуы тиіс?», – деді.
Сонымен қатар ол Аша Матайдың өнердегі жетістігі мен танымалдығына біреудің демеуімен емес, тек өз еңбегімен жеткенін алға тартты.
Өз сөзінде ол: «Бұл күндері оған өте ауыр соғып жүр, елдің сыны жанына қатты батуда. Мен оған демеу болғым келеді, өйткені ол бұл орынға әбден лайық», – деп жиеніне қолдау білдірді.
Оның айтуынша, кейінгі кездегі халық тарапынан айтылған ауыр сын-ескертпелер жиеніне оңай тиіп жатқан жоқ.