Белгілі әнші Алтынай Жорабаева бұрынғы күйеуі Сәбит Әбдіхалықовтың қыздарымен қарым-қатынасы хақында ашық айтып, ой бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесіне қыздарының ұзату тойында Сәбит Әбдіхалықовтың бой көрсетер-көрсетпесі туралы сауал қойылған болатын. Алтынай Жорабаева экс-күйеуінің бұл қуанышта болмайтынын ашып айтты.
«Жоқ, бой көрсетпейді. Біраз уақыт қыздар өздері үйіне барып, жағдайын сұрап тұрды. Бірақ адам өзі іздемесе, өзі хабарласпаса, қайта-қайта барудың қажеті жоқ деп ойлаймын», – деп жауап қайтарды.
Сонымен қатар эстрада жұлдызы қазіргі жолдасы Әлішердің перзенттеріне қамқор болып, шынайы әкелік мейірім төккенін тебірене жеткізді.
Ол: «Мен тұрмысқа шыққаннан кейін бір жыл өтпей жатып қыздар: «Сізді әке деп атасақ бола ма?» деп жылап тұрып сұрады. «Әке мейірімін сізден көріп отырмыз» деді. Бұл сөз бізге өте ауыр әрі әсерлі болды», – деп еске алды.
Оның сөзінше, бүгінде бойжеткен қыздары әр шешімді өздері дербес қабылдайды, ал өзі олардың қарым-қатынасына мүлде килікпейді.
Бұл туралы Алтынай: «Мен балаларыма «былай жүр, былай істе» деп айтпаймын. Егер әкелері өзі іздеп, жағдайларын сұрап тұрса, әрине, араласуға қарсы болмаймын. Бірақ өзі іздемесе, біз не істейміз?», – деді.
Жұбайы Әлішердің барлық жауапкершілікті арқалап жүргенін алға тартқан ол оның көңіл-күйі мен сезімі өзі үшін ең басты орында екенін атап өтті.
Әнші: «Әлішер барлығын жасап, қанатына алып жүргенде, тек биологиялық әкесі деп төрге шығарып қоя алмаймын. Маған Әлішердің сезімі маңызды. Басқа ешкімнің сезімі маңызды емес», – деп ағынан жарылды.
Сонымен бірге Алтынай Жорабаева қыздарының кейде туған әкесіне реніш білдіретінін де жасырмады.
Эстрада жұлдызы: «Қыздар кейде: «Біз оның қамқорлығын көрмесек, ол бізден қандай жылулық күтеді?» деп айтады. Ал мен оларға: «Жоқ, сендер оған тек бақыт тілеңдер. Жаңа отбасымен, балаларымен бақытты болсын» деп айтып отырамын», – деп сөзін қорытындылады.