Жамбыл облысында 25 жастағы спортшы Ахмет Дүкенбайды өз үйінің жанында атып кеткеннен кейін алған жарақаттарынан көз жұмған. Марқұмның отбасы мен желі қолданушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа істі жеке бақылауына алуын өтініп үндеу жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 1 тамызға қараған түні Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Луговое ауылында орын алды. Жақындарының айтуынша, марқұмның үйінің жанынан төрт-бес рет атылған оқ дауысы естілген. Жәбірленуші ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады.
Марқұмның туыстары Ахметтің бұл трагедияға дейін де бірнеше рет қоқан-лоқы көргенін алға тартуда. Ерлі-зайыптының арасындағы әңгімеде спортшы өлімінен сәл бұрын белгісіз тұлғалармен арада жанжал туындағанын айтып, әйелінен балаларға мұқият болуды сұраған. Осыған байланысты жақындары қылмысқа өзге де тұлғалардың қатысы болуы мүмкін деп есептейді және бұл нұсқаны мұқият тексеруді талап етуде.
Осы қайғылы жағдайдан кейін Ахмет Дүкенбайдың отбасы мен көптеген әлеуметтік желі қолданушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан тергеу барысын жеке бақылауға алуды сұрады. Олар спортшыға бұған дейін түскен сес көрсетулерді тексеруді, қылмысқа қатысы бар барлық ықтимал адамдарды анықтауды және істің объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді өтінуде.
Жақындары әлі күнге дейін оқиғаның толық мән-жайы бойынша түсініктеме ала алмағандарын жеткізіп, айыптылардың барлығы жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді. Осыған орай марқұмның жақындары өздеріне мемлекеттік қорғау берілуін де сұрап отыр. Қаза тапқан спортшының артында әйелі, кішкентай балалары және жалғыз асыраушы ұлынан айырылған қарт ата-анасы қалды.
Өз кезегінде Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған кісі өлімі фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
«Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта қылмыстық істі жан-жақты, толық және әділ тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп хабарлады ПД.